Ресей Алтайындағы жол апатынан қаза тапқан ерлі-зайыпты алты баланың ата-анасы болып шықты
Ресей Алтайындағы жол апатынан Шығыс Қазақстандық ерлі-зайыпты қаза тауып, алты бала жетім қалды. Апатқа мас жүргізуші себеп болған.
Сурет: muztaumedia.kz
Ресей Федерациясының Алтай Республикасында болған жол апатынан қаза тапқан екі адам – алты баланың ата-анасы. Олар Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары болып, жеке көліктерімен Монголияға сапарға шыққан еді. Қайғылы оқиға 27 шілде күні кешкі сағат 20:30 шамасында Ұлаған ауданындағы Ақташ ауылы маңында орын алды, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.
Алдын ала мәлімет бойынша, Toyota Avensis көлігін басқарған 31 жастағы жергілікті тұрғын әйел қарсы жолаққа шығып кетіп, Қазақстан азаматы тізгіндеген Chevrolet Nexia-мен соқтығысқан. Кейінірек оның мас күйде болғаны және жүргізуші куәлігінің жоқтығы анықталды.
Chevrolet көлігінде болған 41 жастағы Хабыз Рахымбай мен оның 44 жастағы әйелі Құралай Құсайынқызы апат салдарынан ауыр жарақат алып, Ақташ аудандық ауруханасына жеткізілді. Алайда дәрігерлер олардың өмірін сақтап қала алмады. Марқұмдардың танысы Жарқынбек Ахметсакиұлы олардың алты баласының жетім қалғанын айтты.
Апат салдарынан тағы төрт адам зардап шекті: Toyota-дағы 21 жастағы жолаушы, Chevrolet-тегі 63 жастағы екі зейнеткер және 13 жастағы қыз бала ауруханаға жатқызылды. Ресей құқық қорғау органдарының мәліметінше, Chevrolet-тегі қаза тапқандар мен зардап шеккендердің бәрі Қазақстан азаматтары.
Апатқа кінәлі болуы мүмкін әйел жеңіл жарақатпен емханаға жіберіліп, кейін үйіне қайтарылған.
Жетім қалған балаларға көмек көрсетуге ниет білдірген жандарға: 8775 957 84 73 (Назира Рахамбай), ЖСН: 080606654641, Каспи карта: 4400430022805227.
