Жастардың саяси бастамасы: Астанада «Адал азамат» кадр даярлау мектебі ашылды
Елордада азаматтық белсенділер мен жастар қауымдастығы үшін маңызды жиын өтті. Еліміздегі «Жаңа адамдар» мен «Дала Қырандары» қоғамдық қозғалыстары өзара ынтымақтастық орнатып, күш біріктіретінін мәлімдеді. Олар болашақ «Әділет» партиясының кадрлық қорын қалыптастыруға әрі жас сарапшылар мен көшбасшыларды баулуға бағытталған «Адал азамат» жобасының басталғанын жария етті.
Салтанатты жиынға өңірлерден келген жастар, үкіметтік емес ұйым өкілдері, спорттық бірлестіктер мен БАҚ өкілдері қатысты. Ұйымдастырушылардың сөзінше, бұл бастама белсенді жастардың әлеуетін елдегі реформаларды жүзеге асыруға бағыттайтын бірегей әлеуметтік лифтке айналады.
Әсель Баденова, «Жаңа адамдар» қозғалысының негізін қалаушы:
«Қазіргі таңда елімізде түрлі қоғамдық ұйымдар мен азаматтық бастамалардың басын қосқан белсенді жастар ортасы бар. Ендігі басты міндет – осы күшті біріктіріп, әртүрлі саладағы өзгерістерді жүргізе алатын жас көшбасшылар даярлау. Осы мақсатта қос қозғалыс «Әділет» партиясының кадрлық резервін дайындайтын «Адал азамат» мектебін іске қосып отыр.»
Мейірболат Тоитов, «Дала Қырандары» қозғалысының үйлестірушісі:
«Қазақстанға ел болашағына жауапкершілікпен қарайтын жастар керек. Бұған дейін біз «Әділет» партиясының жастар қанатын құру жоспарымызды айтқан едік, бүгінгі қадам – соның заңды жалғасы. Мектеп белсенділердің басын қосып, тәжірибе алмасуға және сапалы кадр даярлауға мүмкіндік береді. Біздің түпкі мақсатымыз – қоғамға нақты пайда әкелетін, тәртіпті әрі жауапты көшбасшылар тәрбиелеу.»Алпамыс Әбілов, «Жаңа адамдар» қозғалысының баспасөз хатшысы:
«Осыдан бір апта бұрын екі қозғалыс бірігіп, болашақта «Әділет» партиясын құру ниегімізді білдірдік. Бұл мектеп – сол жоспарды іске асырудағы нақты қадамымыз. Тәжірибемізді сараптай келе, «Адал азамат» білім беру бағдарламасын әзірледік. Ата заңда жазылған «Адал азамат» қағидатын арқау етуіміздің себебі – кез келген реформа мен Әділетті Қазақстанды құратын ең әуелі адамдар.
Бағдарлама елге пайдасын тигізгісі келетін кез келген амбициялы жасқа және өз идеясын республикалық деңгейде жүзеге асырғысы келетін ұйымдарға ашық.»
Бағдарламаның негізгі бағыттары мен шарттары
Түлектерге берілетін мүмкіндіктер
Бағдарламаны сәтті аяқтағандар үшін екі негізгі бағыт ашылады:
1. «Әділет» партиясының кадрлық резервіне өтіп, саяси процестерге белсене араласу;
2. Өздерінің әлеуметтік және азаматтық жобаларын республикалық деңгейде іске асыру.
Алдағы жоспар
Елордада бастау алған бұл ауқымды жоба тамыз айында Алматыда өтетін «Әділетті Қазақстан үшін» атты республикалық жастар Конвенциясымен жалғасады. Ұйымдастырушылар еліміздегі барлық белсенді жастарды осы шараға қатысуға шақырады.
