Фото: polisia.kz
Қазақстанда жыл басынан бері ұйымдасқан қылмыстық топтарға қатысты 38 қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Qazaqtoday.info.
Ведомствоның мәліметінше, істер ұйымдасқан қылмыстық топтарды құру, оларға басшылық ету және олардың құрамында әрекет ету фактілері, оның ішінде трансұлттық қылмыстар бойынша тіркелген. Сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастыру деректері де тергеліп жатыр.
ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыстың айтуынша, қылмыстық ортаға қатысы бар 160-тан астам адам жауапкершілікке тартылып жатыр.
«Жыл басынан бері 270-тен астам бопсалау фактісі анықталды. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында ауыр және аса ауыр қылмыстарға қатысы бар 30-дан астам қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды», – деді Қуандық Алпыс.
Сондай-ақ қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде құқықтық тәртіпті бұзу фактілері бойынша 50-ден астам қылмыстық іс тіркелген. Министрлік мәліметінше, трансұлттық қылмысқа қарсы іс-қимыл аясында «заңдағы ұры» санатына жататын және шетелдік қылмыстық орта өкілдері саналатын 500-ге жуық адамның Қазақстанға кіруіне тыйым салынды. Бұдан бөлек, «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» заң аясында 80-нен астам қылмыс анықталып, зардап шеккендерге әлеуметтік, құқықтық және психологиялық көмек көрсетілді.
