Сурет: tengrinews.kz
Жоғары аудиторлық палата Қазақстанда зейнетақы төлеу жүйесінде ірі көлемде заңсыздықтар мен олқылықтар барын анықтады. Ведомствоның тексеріс қорытындысы бойынша, 2020-2024 жылдар аралығында қайтыс болған, хабар-ошарсыз кеткен және елден көшіп кеткен 60 мыңнан астам адамға жалпы сомасы 21 миллиард теңге зейнетақы негізсіз аударылған, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.
Мұндай жағдайдың туындауына Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық жүйелерінің басқа мемлекеттік органдардың (Сыртқы істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Бас прокуратура) дерекқорларымен толық интеграцияланбауы себеп болған. Ақпарат алмасудың автоматтандырылмауы салдарынан жүйедегі мәртебесі өзгерген азаматтар зейнетақы алушылар тізімінен уақытылы шығарылмаған.
Сонымен қатар, аудиторлық есепте Қазақстан зейнетақысын алып жүрген 17 мыңнан астам шетелдік пен азаматтығы жоқ тұлғаға қатысты мәселе де көтерілген. Оларға жыл сайын бюджеттен 9 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалған. Негізгі мәселе – Қазақстанның көптеген елмен зейнетақы тағайындауға қажетті мәліметтерді (азаматтың өз елінде зейнетақы алатынын немесе еңбек өтілін растау) тексеру туралы халықаралық келісімдерінің жоқтығы. Бұл республикалық бюджеттен негізсіз шығындардың туындау қаупін арттырады.
Зейнетақы алып жүрген шетелдіктердің басым бөлігі Пәкістан, Нигерия, Үндістан, Қытай, Вьетнам сияқты елдердің азаматтары болып шыққан. Бұл мемлекеттердің көбінде зейнетақы жүйесі барлық азаматтарды қамтымайды және төлемдер негізінен мемлекеттік қызметкерлер мен әскерилерге ғана тағайындалады. Демек, бұл адамдардың өз отанында зейнетақы алуға құқығы болмауы әбден мүмкін.
Анықталған заң бұзушылықтарға байланысты Еңбек министрлігі зейнетақы мен жәрдемақы төлеу ережелерін қатаңдатуды ұсынды. Жаңа нормаларға сәйкес, төлемдер тек Қазақстанда тұрақты тұратын және тіркеуі бар азаматтарға ғана тағайындалмақ. Бұрынғы Еңбек министрі Светлана Жақыпова бұл шара қос азаматтығы бар және бірнеше елде бір уақытта зейнетақы алатын адамдарға тосқауыл қою үшін қажет екенін мәлімдеген. Заңсыз алынған қаражатты Қаржы мониторингі агенттігінің тергеуінен кейін мемлекетке қайтару процесі жүргізіледі.
