Алқаптағы аласапыран: Түркістан облысында шегірткеге қарсы 275 мың гектар жер өңделді

Фото: Түркістан облысының әкімдігі

Бүгін облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков Ордабасы ауданында химиялық өңдеу барысын бақылап, дәріленген аймақтарды аралады, деп хабарлайды QazaqToday.info ақпараттық порталы.

Аудан әкімі Азат Оралбаев 3 сектордағы жағдайды баяндап, бүгінгі таңда Қараспан, Қажымұқан, Бөржар және Бадам ауыл округтерінде жалпы 12 522 гектар өңделгенін жеткізді. Жұмысқа мердігер мекеменің 10 техникасынан бөлек қосымша 17 техника жұмылдырылған. Шегіртке үйірлерін анықтауға 70-тен астам адам ат салысуда. Химиялық препарат жеткілікті.
Нұрбол Әбдісаттарұлы мобильді топтарға химиялық өңдеу жүргізілген аймақтарды қайта сүзгіден өткізіп, жағдайды тұрақты қадағалап отыруды тапсырды.

— Мәселе — тек жоспарланған межеден шығу емес. Зиянкестер толық жойылғанша әр секторда кезекші техникалар болуы тиіс. Жаңа ошақтар туралы әр ақпарат шұғыл тексеріліп, тиісті шаралар атқарылуы қажет. Ауданаралық шекараларға бақылауды күшейтіңіздер. Шаруалар ертең зардап шекпеуі үшін бүгінгі әрекет тиянақталсын, — деді облыс әкімінің орынбасары.

Орталық штаб мәліметіне сәйкес, Түркістан облысы бойынша шегіртке зиянкесіне қарсы қазіргі таңда 796,88 мың га аумақ зерттелді. Оның ішінде 285,71 мың га аумақта экономикалық зиянды шегінен (ЭЗШ) асқаны анықталды. Нақты өңделгені 275,11 мың га. Өңдеу жұмыстарына жалпы 250 арнайы техника және 51 дана су тасығыш көлік қатысқан.


Химиялық өңделген алқап Келес ауданында — 140 мың гектардан, Сарыағаш ауданында – 57 мың гектардан, Арыс қаласы аумағында 51 мың гектардан асты. Сонымен қатар, Бәйдібек, Шардара, Түлкібас, Сауран, Қазығұрт аудандарында зиянкесті жою бойынша жұмыстар жүйелі атқарылуда.

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика