Фото: видеодан алынған кадр
Алматы халықаралық әуежайының терминалын су басуына байланысты шаралар қабылданды, деп хабарлайды QazaqToday.info ақпараттық порталы.
Көлік министрлігінің басшылығы Алматы халықаралық әуежайының әкімшілігімен және құқық қорғау органдарымен бірлесіп, терминал шатырының су басу фактісіне байланысты шұғыл кеңес өткізді.
Азаматтық авиация комитеті әуежайды ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартты. Әуежай басшысы техникалық мәселелерге жетекшілік ететін аға вице-президент Мехмет Гюзельге тәртіптік жаза қолданылғанын хабарлады.
Әуежай жолаушылардан келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұрады.
— Қазір анықталған кемшіліктерді жою бойынша шаралар күшейтіліп, барлық қажетті жұмыс жедел режимде жүргізіліп жатыр. Жұмыстарды аяқтау және су басу себептерін толық жою 6 ай ішінде жоспарланып отыр, — делінген хабарламада.
Көлік министрлігі мұндай бұзушылықтар алдағы уақытта дереу тоқтатылатынын, азаматтық авиация саласындағы заңнама талаптарының сақталуына және авиациялық инфрақұрылым нысандарының үздіксіз жұмыс істеуіне қатаң бақылау қамтамасыз етілетінін мәлімдейді.
