Шекаралық бақылау кезінде есірткі заттарын заңсыз алып өтудің 37, қару-жарақ пен оқ-дәрі тасымалдаудың 62 дерегіне тосқауыл қойылды. Тексеру барысында екі травматикалық және екі газды қару, сондай-ақ 77 дана оқ-дәрі тәркіленді.
Заң бұзушылықтардың басым бөлігі жанар-жағармайға қатысты болды. Бір айда жалпы көлемі 80 тоннадан асатын, құны 24,1 млн теңгеге бағаланған жанар-жағармайды заңсыз тасымалдаудың 816 дерегі тіркелді.
Бұдан бөлек, құны 1,3 млрд теңгеден асатын халық тұтынатын тауарларды заңсыз өткізудің 549 дерегі анықталды. Сондай-ақ 1,2 млрд теңгеден астам валютаны шекарадан алып өтудің 134 әрекетіне жол берілмеді.
Шекарашылар Каспий теңізіндегі браконьерлікпен күрес аясында заңсыз балық аулаудың 48 дерегін тоқтатты. Нәтижесінде 41,7 шақырым аулау құралы және жалпы салмағы 840 келі болатын 145 бекіре тұқымдас балық тәркіленді. Алдын алынған шығын көлемі 350 млн теңгеден асты.
Анықталған заң бұзушылықтар бойынша 66 қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар 3 607 әкімшілік іс қаралуда. Осы істер аясында жалпы сомасы 34 млн теңгеден асатын айыппұл салынды.
Қалған деректерге қатысты материалдар тиісті процессуалдық шешім қабылдау үшін құқық қорғау және сот органдарына жолданды.
Айта кетейік, 2026 жылдың шілдесінде Шекара қызметі 2,1 млрд теңгеден астам шетел валютасын заңсыз алып өтудің 149 дерегін анықтаған еді. Сол айда жалпы құны 3,9 млрд теңгеден асатын тауарлар мен жүктерді заңсыз тасымалдаудың 2 476 әрекетіне тосқауыл қойылды.
Ал тамызда шекара кеңістігінде заң бұзған 5 588 адам ұсталды. Олардың 4 907-сі шетел азаматы болған.
