Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы православ қауымын Пасха мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Президент өз құттықтауында бұл мейрамның адамзатқа ортақ игі құндылықтарды – үміт, сүйіспеншілік пен рухани жаңаруды дәріптейтінін атап өтті. Оның айтуынша, Пасха адамдардың жүрегіне жылулық ұялатып, жарқын болашаққа деген сенімін нығайтады.
«Бұл жарқын мереке қоғамда мейірімділік, жанашырлық, өзара көмек пен тату көршілік сияқты игі қасиеттердің нығаюына септігін тигізеді. Осындай қасиеттер еліміздегі ұлтаралық татулық пен конфессияаралық келісімнің берік негізі болып қала береді», — делінген Мемлекет басшысының құттықтауында.
Тоқаев Қазақстандағы барша православ христиандарына зор денсаулық, бақ-береке және игілік тіледі.
Фото: Әлеуметтік желіден
