Қазақстанның қаржы компанияларын Aitu-ға көшірмек: нарық неден қауіптенеді?

Қазақстанның Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі сақтандыру компаниялары мен басқа да қаржы ұйымдарына клиенттермен қарым-қатынасты отандық Aitu сервисіне ауыстыруды талап етіп хат жолдады, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Бұл туралы Bloomberg басылымы өз дереккөздеріне сілтеме жасап хабарлады. Реттеуші бұл талаптан тек «банктік экожүйелерді» ғана босатуға дайын. Басылымның мәліметінше, бұл мәселе наурыз айында қаржы секторының негізгі лоббистік ұйымы өткізген жиында талқыланған.

Агенттіктің негізгі уәжі – «клиенттердің дербес деректерін қорғау» қажеттілігіне негізделген.

Алайда Bloomberg дереккөздері Қаржы нарығын реттеу агенттігі бұл қадамға Президент әкімшілігінің тапсырмасымен барып отырғанын айтады. Қаржы секторын Aitu-ға көшіру бастамасы қазақстандық мессенджерді насихаттау жөніндегі кең ауқымды науқанның бір бөлігі болуы мүмкін.

Билік азаматтардың дербес деректерінің сақталуына алаңдаса, нарық қатысушыларының өздері Aitu қосымшасының деректерді сақтаудағы сенімділігіне күмән келтіреді. Оған қоса, олар жаңа платформаға көшуге кететін шығындар мен мессенджерді қолданушылар санының аздығына алаңдаулы.

Aitu мессенджерін 2018 жылы «Қазақтелекоммен» байланысы бар BTS Digital компаниясы іске қосқан. Бастапқыда тек хабарлама алмасу қызметін атқарса, кейін оған төлем сервистері мен жекелеген мемлекеттік қызметтер қосылды. Әзірлеуші компанияның дерегінше, наурыз айында Aitu-дың белсенді қолданушыларының саны миллионнан асқан.

Фото: Цифрлық даму министрлігі

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика