Трамп Иранға ескерту жасады: «Бұл тек бастамасы, келісімге келіңдер»

Иран Ислам революциясы сақшылар корпусы АҚШ пен Израильді Тегеран мен Карадж қалаларын жалғайтын маңызды көпірге соққы жасады деп айыптады, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Сақшылар корпусының баспасөз қызметі зақымданған нысанды «Иран инженериясының жауһары» және «Ислам Республикасының мақтанышы» деп сипаттады. Шабуылдан бірнеше адамның зардап шеккені де хабарланды.

Бұл оқиғаға АҚШ президенті Дональд Трамп та үн қатып, Ирандағы ең ірі көпірдің қиратылғанына қуаныш білдірді. Ол Тегеранға тағы да соққылар жасалатынын меңзеп, Truth Social әлеуметтік желісінде жазба жариялады.

«Ирандағы ең үлкен көпір қирады және енді ешқашан пайдаланылмайды — бұл тек бастамасы! Иран кеш болмай тұрғанда келісімге келуі керек, өйткені бір кездері ұлы ел бола алатын мемлекеттің енді ештеңесі қалмады», — деп жазды ол.

Иранның бұл шабуылға жауабы да кідірмеді. Fars агенттігі Кувейт, Сауд Арабиясы, Абу-Даби және Иорданиядағы көпірлер енді Иран қарулы күштері үшін «заңды нысанаға» айналғанын мәлімдеді. Агенттіктің хабарлауынша, қираған В1 көпірі – «Таяу Шығыстағы ең биік көпір» болған.

В1 көпірінің биіктігі шамамен 156 метрді құрайды. Ол Карадж өзенінің аңғары арқылы өтіп, Тегеранды Каспий теңізімен байланыстыратын негізгі таулы тасжолдың бір бөлігі саналады.

Фото: Әлеуметтік желіден

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика