Алатау ауданы негізгі экономикалық көрсеткіштер бойынша тұрақты өсім көрсетіп отыр. Бұл туралы аудан әкімі Данияр Қырықбаев Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп жазады QazaqToday.info ақпараттық порталы.
Биылғы бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджетке 45,9 млрд теңге түсті, бұл жылдық жоспардың 32%-ы. Былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда түсім 8,3 млрд теңгеге артып, 122%-ға жетті. Оның ішінде республикалық бюджетке 17,1 млрд теңге, жергілікті бюджетке 28,8 млрд теңге түскен.
Өнеркәсіп саласында да айтарлықтай өсім бар. 2026 жылдың қаңтар–ақпан айларында өнеркәсіп өндірісінің көлемі 212,6 млрд теңге болды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 81,9 млрд теңгеге артық, яғни өсім 62,6%.
Алатау ауданының Алматы қаласының жалпы өнеркәсіп өндірісіндегі үлесі 37,1%-ға жетті.
«Бүгінде аудан қаланың өнеркәсіп көлемінің үштен бірінен астамын қамтамасыз етіп отыр. Бұл оның мегаполис экономикасындағы маңызды рөлін көрсетеді», — деді әкім.
Өнеркәсіп секторында 3 ірі және 11 орта кәсіпорын жұмыс істейді.
Сауда саласында да оң динамика байқалады. Қаңтар–ақпан айларында бөлшек сауда көлемі 52,1 млрд теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 105,1% болды.
Өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 7 млрд теңгеге немесе 15,5%-ға артқан.
Сонымен қатар инвестиция көлемі 68,1 млрд теңгеге жетіп, жылдық мәнде 58,8 млрд теңгеге өскен.
