Балалар тек көрермен емес: Қазақстанда цифрлық шығармашылық буын қалыптасып келеді

Қазіргі таңда балалар тек дәстүрлі шығармашылық үйірмелерге қатысушы ғана емес, сонымен қатар цифрлық ортада өз контентін жасап, оны көпшілікке ұсынатын белсенді авторлар ретінде қалыптасып келеді. Бұл үрдіс қоғамдағы цифрлану деңгейінің артуымен және білім беру жүйесіндегі жаңғырулармен қатар дамуда.

2026 жылы ел көлемінде балалардың түрлі мәдени және шығармашылық іс-шараларға қатысуы айтарлықтай артты. Атап айтқанда, ұлттық бағыттағы жобалар мен мерекелік бастамаларға 350 мыңнан астам бала қатысқан. Сонымен қатар Қазақстан халықаралық деңгейдегі шығармашылық жобаларға да қатысады. ЮНЕСКО қолдауымен ұйымдастырылатын «The planet of art – 2026» халықаралық жастар фестивалі жас өнерпаздарға өз қабілеттерін танытуға және түрлі елдердің мәдени тәжірибесімен алмасуға тамаша мүмкіндік ұсынып отыр.

Цифрлық кеңістікте де балалар мен жасөспірімдердің белсенділігі артып келеді. Әлеуметтік желілер мен бейнеплатформаларда білім беру, танымдық және шығармашылық мазмұндағы контент түрлері көбейіп, жас авторлардың аудиториясы кеңеюде. Бұл үрдіс балалардың тек тұтынушы емес, цифрлық өнім жасаушы ретіндегі рөлін күшейтіп отыр.

Білім беру саласында да жаңа тенденциялар байқалады. Мектептер мен қосымша білім беру ұйымдарында цифрлық сауаттылық, медиа мәдениет және шығармашылық жобаларға негізделген оқыту элементтері біртіндеп енгізілуде. Мұндай тәсіл оқушылардың шығармашылық ойлау қабілетін дамытып, оларды болашақта креативті индустрияға бейімдеуге бағытталған.

Биыл Қазақстанда балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы бірнеше бағытта қатар дамып отыр десек болады. Атап өтсек, мәдени белсенділіктің артуы, цифрлық контент өндірісінің кеңеюі және халықаралық шығармашылық жобаларға қатысудың күшеюі. Бұл үрдістер елдің креативті экономикасын дамытуға және жаңа буынның шығармашылық әлеуетін арттыруға ықпал етуде.

Фото: Freepik

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика