Бүгін, 15 наурызда Қазақстан халқы жаңа Ата Заң жобасы бойынша өз таңдауын жасайды. Бұл маңызды саяси науқан елдің болашақ құқықтық негізін айқындап, әрбір азаматтың өміріне тікелей әсер етпек. Бұл туралы QazaqToday.info ақпараттық порталы хабарлайды.
Орталық референдум комиссиясының мәліметінше, ел бойынша 10 мыңнан астам учаске таңғы сағат 07:00-ден бастап есігін айқара ашты. Дауыс беру кешкі сағат 20:00-ге дейін жалғасады.
Бұл жолы бюллетеньде небары бір ғана сұрақ бар: сіз жаңа Конституцияны қабылдауды қолдайсыз ба, әлде қарсысыз ба? Таңдау жасау үшін «Иә» немесе «Жоқ» нұсқаларының бірін белгілеу жеткілікті.
Айта кетерлігі, бірқатар өңірлерде жергілікті билік тұрғындарға жағдай жасау мақсатында қоғамдық көлікті тегін етті. Бұл азаматтардың сайлау учаскелеріне еш кедергісіз жетуіне мүмкіндік береді.
Жаңа ережелер: не істеуге болмайды?
Ресми деректерге сүйенсек, бүгін елде «тыныштық режимі» сақталады. Яғни, кез келген үгіт-насихат жұмыстарына, соның ішінде әлеуметтік желілердегі репосттар мен үндеулерге қатаң тыйым салынған.
Заң талаптарын бұзған жеке және заңды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Сондай-ақ, дауыс беру барысында бюллетеньді бүлдіріп алсаңыз, екіншісі берілмейтінін ескерген жөн.
Учаскеңізді қалай табуға болады?
Егер өз мекенжайыңыз бойынша тізімде бар-жоғыңызды білмесеңіз, арнайы іске қосылған цифрлық сервистерді қолдануға болады. ЖСН арқылы өз учаскеңізді әкімдіктердің ресми сайттарынан немесе арнайы Telegram-боттардан көре аласыз.
Шетелдегі отандастарымыз үшін 54 мемлекетте 71 учаске жұмыс істеп тұр. Дегенмен, Таяу Шығыстағы және кейбір өзге аймақтардағы қауіпсіздік жағдайына байланысты 11 учаскенің жұмысы уақытша тоқтатылды.
