АҚШ Венесуэла мұнайын әлемдік нарықта сатуды бастады: табыс АҚШ бақылауындағы есепке түседі

АҚШ үкіметі Венесуэла мұнайын әлемдік нарыққа шығаруды бастағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

АҚШ Энергетика министрлігі бұл шешімді Вашингтон мен Каракас арасындағы энергиямен қамтуға қатысты «тарихи келісім» деп атады. Министрлік өкілдері мұнай саудасы «АҚШ, Венесуэла және одақтастар мүддесіне сай жүргізіледі» дейді.

«Бұл — АҚШ пен Венесуэла арасындағы энергиямен қамтуға қатысты тарихи келісім, ол Американың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған», — деп түсіндірді АҚШ Энергетика министрлігі.

Мәлімдемеге сүйенсек, Венесуэладан сатылатын шикі мұнай мен мұнай өнімдерінен түскен қаражат алдымен АҚШ бақылауындағы есепшоттарға аударылады. Ол есепшоттар халықаралық деңгейде мойындалған банктерде ашылады. Қаражатты әрі қарай бөлу мәселесін АҚШ үкіметі өзі шешеді және оны «америкалық және венесуэлалық халықтардың мүддесіне сай» түсіндіреді.

АҚШ тарапының бағалауынша, алғашқы кезеңде 30–50 миллион баррель көлемінде мұнай сату жоспарланған. Сауда мерзімі нақты шектелмейді, Вашингтон оны қалағанынша ұзартуға ниетті екенін аңғартты.

Мұнайды тасымалдау мен халықаралық нарықта сатуды қамтамасыз ету үшін АҚШ санкцияларды ішінара және таңдап жеңілдетеді. Бұған қоса, Венесуэладағы өндіру көлемі жылдар бойы төмендегенін ескеріп, АҚШ белгілі бір мұнай кәсіпшілігі жабдықтарын, қосалқы бөлшектер мен сервистік қызметтерді импорттауға рұқсат беретінін хабарлады. Вашингтон бұл қадам өндірісті қысқа мерзімде қалпына келтіруге көмектеседі деп есептейді.

Бұған дейін Ақ үй Венесуэла билігіне өндірісті ұлғайтудың алдында бірқатар талап қойғаны айтылған: ел Қытай, Ресей, Иран және Кубамен экономикалық байланысын тоқтатуы және мұнай саласында АҚШ-пен айрықша әріптестікке басымдық беруі керек. Сондай-ақ АҚШ Венесуэланың ауыр мұнайын сатуда өзіне бірінші кезектегі құқық беруді күтеді.

Фото: нейрожелі DALL-E

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика