Фото: pexels.com
АҚШ президенті Дональд Трамп Венесуэладан мұнай саласында тек Вашингтонмен жұмыс істеуді сұрап отыр. Ол елдің Қытай мен Ресеймен экономикалық әріптестігін доғаруы қажет, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Ақ үй жоспарларымен таныс дереккөздерге сүйенсек, Венесуэла ауыр мұнай сатқанда АҚШ-қа басымдық беруге және энергетика саласында тек сол елмен әріптес болуға міндеттелмек.
Трамп бұл талапты Truth Social желісіндегі парақшасында тікелей жазды. Ол Венесуэланың уақытша билігі АҚШ-қа санкцияға ұшыраған 30–50 миллион баррель мұнай жеткізуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді.
«Бұл мұнай нарықтағы бағамен сатылады, ал түскен қаражаттың АҚШ пен Венесуэла халқының игілігіне жұмсалып жатқанына өзім бақылау жүргіземін», – деді Трамп.
Сондай-ақ Politico ақпарат агенттігі 6 қаңтарда Ақ үй Венесуэланың уақытша президенті Делси Родригестен бірнеше талап қойғанын хабарлады. Ол ел ішінде есірткі тасымалын тоқтатып, Иран, Кубамен байланысын үзіп, АҚШ-қа қарсы мемлекеттермен қарым-қатынасты доғару керек.
Бұдан бөлек, америкалық шенеуніктер Родригестен елде сайлау өткізіп, кейін қызметінен кетуін талап етіп отыр.
