Еуропада көктайғақ кесірінен жүздеген рейс тоқтады: Қаза тапқандар бар

Фото: pexels.com

Еуропаның батысында толастамаған қар мен көктайғақ салдарынан көлік қозғалысы шектеліп, әуе және теміржол қатынасы бұзылды. Франция мен Нидерландта әуе рейстері жаппай тоқтатылып, бірнеше адам мерт болды, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Париждегі Шарль-де-Голль әуежайында 7 қаңтар күнгі таңғы уақыттан бастап рейстердің 40 пайызы тоқтатылды. Орли әуежайында да ұшулар кемінде төрттен біріне қысқартылды. Амстердамдағы Схипхол әуежайында 400-ден астам рейс ұшпай қалды.

Франция билігінің мәліметінше, жол апаттарынан елде бес адам көз жұмған. Оның үшеуі – елдің оңтүстік-батысындағы Ланд департаментінде опат болды. Ал Париж маңында екі көлік апатына байланысты тағы екі адам қаза тапты. Бірі – жеңіл көліктің жүк көлігімен соқтығысуы, екіншісі – таксидің жол жиегіне соғылып, Марна өзеніне құлауы нәтижесінде болған.

Көктайғақ пен қар теміржол қозғалысына да зардабын тигізді. Франциядағы көптеген пойыздар қозғалысы тоқтап, Eurostar желісінің Париж бен Амстердам арасындағы рейстері кешігіп немесе мүлде жүрмей қалды.

«Ауа райы қиынданып жатыр. Егер мүмкіндік болса, халық үйден шықпай, қашықтан жұмыс істесін», — деді Францияның көлік министрі Филипп Табаро.

Ұлттық метеоқызмет Францияның 38 департаментінде қар мен көктайғаққа байланысты қауіп-қатер деңгейін қызғылт сары түске дейін көтерді.

Ұшақтарды көктайғаққа қарсы өңдеуде де қиындық туындаған. KLM әуе компаниясы антиобледенитель сұйықтығының қорлары таусылуға жақын екенін хабарлады. Бұған қатты ауа райы мен жеткізу жүйесіндегі іркілістер себеп болған.

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика