Марқұм өрт сөндіруші Асқар Забикулиннің жары Анель әлеуметтік желіде жүрекке әсер ететін жазба жариялады, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Анельдің айтуынша, бұл күн – жұбайының туған күні. Ол Асқардың өмірден озғанына қарамастан, оның бейнесі мен естелігі жүрегінде әрдайым сақталатынын жеткізді. Жазбасында Анель марқұм жарын сағынышпен еске алды.
«Бүгін сен 32 жасқа толар едің. Жанымда болмасаң да, бұл күн бәрібір сенімен байланысты. Ол сенің күлкіңе, үніңе, мейірімің мен қамқорлығыңа толы естеліктерден құралған», – деп жазды ол.
Сондай-ақ Анель Асқардың әке ретіндегі болмысын ерекше ықыласпен сипаттады. Оның айтуынша, ол балалары үшін сүйіспеншілікке толы, дана әрі мейірімді әке болған.
«Балалардың әрбір сөзінен, әр қимылынан, күлкісінен сені сеземін. Олар – сенің өмірдегі жалғасың, мәңгілік ізің», – дейді ол.
Анель жұбайын өмірлік серік ретінде де сағынышпен еске алып, Асқармен бірге өткізген күндердің жылулығын атап өтті.
«Сен – қорықпай қатар жүруге болатын, жанында әрдайым тыныштық пен үйдегідей сезім сыйлайтын жар едің», – деп жазды ол.
Жазбасының соңында Анель марқұм жұбайына алғыс айтып, сағынышын жасырмады.
«Махаббат үшін, отбасымыз үшін, балаларымыз үшін, бірге өткізген әр сәтіміз үшін рақмет. Мен сені қатты сағынамын. Бұл сағыныш кейде бәсеңдегендей болады, бірақ ешқашан жоғалмайды», – деді ол.
Сонымен бірге Анель көпшілікке де үндеу жасап, жақын жандарды қадірлеуге шақырды.
«Бұл күн бәрімізге бір-бірімізді бағалауды, сезімді кейінге қалдырмай, дәл қазір білдіруді еске салсын», – деп түйіндеді.
Жазбасының соңын ол:
«Рақмет. Сүйемін. Бізбен мәңгі біргесің», – деген сөздермен аяқтады.
