Бюджет қаржысы желге ұшты ма? Қызылордадағы қоқыс жәшіктері жарамсыз күйге түсті

Фото: видеодан скрин

Қызылорда қаласында жуырда ғана орнатылған қоқыс контейнерлерінің сапасы тұрғындардың наразылығын тудырып отыр. Бар-жоғы үш айдың ішінде кейбір жәшіктер майысып, қабырғалары тесіліп, дұрыс пайдалануға келмейтін күйге түскен, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы. 

Әлеуметтік желіде тараған видеолардан контейнерлердің әлсіз материалдан жасалғаны, кейбірінің бекітілуі талапқа сай болмағаны анық байқалады. Тұрғындар мұндай жағдай бюджет қаржысына алынған мүлікке салғырт қараудың салдары екенін айтады.

Қалада қоқыс жәшіктері жаңартылып, арнайы қоршаулар қойылғанымен, оларды күтіп-ұстау мен бақылау мәселесі назардан тыс қалған. Халықтың айтуынша, коммуналдық қызмет өкілдері ортақ мүлікке иелік етуге тиіс болса да, нақты жауапкершілік сезілмейді.

«Өз үйіндей қарамайтындар халықтың мүлкін қалай қорғайды?» – деп ашынады тұрғындар. Олар әкімдік тарапынан бақылау күшейіп, жауапты мекемелерден нақты талап етілмесе, мұндай жағдайдың қайта-қайта қайталана беретінін алға тартады.

Мәселе тек қоқыс контейнерлерінің бұзылуында емес, бюджет қаржысының тиімді әрі сапалы игерілуінде екені де айтылып жатыр.

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика