Түркияда танымал актрисалар мен әнші есірткі дауына ілікті
Фото: Instagram/denizcakir
Ыстанбұлда танымал өнер өкілдеріне қатысты есірткі және жезөкшелік деректері бойынша жүргізіліп жатқан тергеу аясында 35 күдіктінің 23-і ұсталды, деп хабарлайды Qazaqtoday.info ақпарат порталы.
Бұл туралы Anadolu агенттігі хабарлады.
Ұсталғандардың қатарында «Ғаламат ғасыр» телехикаясында Шах Сұлтанның рөлін сомдаған актриса Дениз Чакыр, әнші әрі актер Өзжан Дениз және актриса Буржу Өзберк бар.
Ыстанбұл қаласының Бас прокуратурасы жезөкшелікпен айналысу, есірткі немесе психотроптық заттарды сату, жеткізу, сондай-ақ оларды сақтау және қолдану деректері бойынша тергеу жүргізіп жатыр.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, күдіктілерді ұстауға олардың берген жауаптары, куәгерлердің, соның ішінде құпия куәгерлердің айғақтары негіз болған. Сонымен қатар тәркіленген ұялы телефондар мен өзге де цифрлық құрылғыларға жүргізілген сараптама нәтижелері ескерілген.
Прокуратура тергеу жұмыстарының бірнеше бағыт бойынша жалғасып жатқанын мәлімдеді.
Айта кетейік, бұған дейін Түркиядағы ФЕТО ұйымына қатысты тергеу аясында «Көкжалдар мекені» телехикаясы да құқық қорғау органдарының назарына іліккені хабарланған болатын.
