Швециядағы Йоккмокк қаласының басшысы порнофильмдерге түскені үшін қызметінен босатылды
Швецияның Йоккмокк қаласының басшысы Ларс Эрикссон порнофильмдерге түскені анықталып, қызметінен босатылды. Әкімшілік шешімді қауіпсіздік мәселесімен түсіндірді.
Фото: Helena Eriksson/Jokkmokk Municipality, Facebook
Швецияның Йоккмокк қаласының басшысы Ларс Эрикссонның порноиндустрияда жұмыс істегені анықталып, ол қызметінен босатылды. Шенеуніктің көпшілікке беймәлім өмірін журналистер зерттеу барысында ашқан.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Журналистік тергеу 55 жастағы Эрикссонның 2018 жылдан бері порнофильмдерге түсіп келгенін көрсетті. Ол америкалық фильмдерге «Ханс» деген бүркеншік атпен қатысқан. Оның қатысуымен түсірілген екі фильм 2025 және 2026 жылдары, яғни Эрикссон муниципалитет басшысы қызметін атқарып жүрген кезде жарық көрген.
4 қарашада шенеунік қызметінен айырылды. Әкімшілік бұл шешімді қауіпсіздік мәселесімен түсіндірді. Олардың пікірінше, Эрикссонның бұрынғы қызметі оған қысым көрсету немесе бопсалау үшін пайдаланылуы мүмкін.
«Муниципалитеттің өзі шет мемлекеттердің, әсіресе Ресейдің, үлкен қызығушылығын тудырады. Қауіпсіздік саясаты тұрғысынан маңызды муниципалитетте осындай осал тұстың болуы қолайсыз», – деді Уппсала университетінің әкімшілік құқық профессоры.
Алайда Эрикссон бұрынғы қызметі ешқандай қауіп төндірмейді деп есептейді. Оның айтуынша, ол соңғы рет 2022 жылы, яғни муниципалитет басшысы болып тағайындалмай тұрып порнофильмге түскен. Ал фильмдердің кейінірек жарық көруіне оның еш қатысы жоқ.
Сонымен қатар шенеунік өткен өмірін жасырмай, ашық айтып жүргендіктен, оны бұл мәселемен қалай бопсалауға болатынын түсінбейтінін жеткізген.
