Қандастар Тоқаевтан азаматтық беруді сұрады
Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданының тұрғындары Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа бейнеүндеу жолдап, азаматтық беруді сұрады. Олар қиындықтарды жаңа ережелермен байланыстырады.
Сурет: qaz.ulysmedia.kz
Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданының тұрғындары Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа бейнеүндеу жолдады. Оны этникалық қазақтардың елдің солтүстігіне қоныс аударуына көмектесетін TAUEKEL қауымдастығы жариялады. Үндеу авторлары туындаған қиындықтарды жаңа ережелермен байланыстырады.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
– Биыл үш министрлік бірлесіп әзірлеген жобаға байланысты шетелден келген этникалық қазақтар азаматтық ала алмай отыр. Бұл мәселе тек солтүстікте емес, бүкіл Қазақстанда бар. Адамдар қиын жағдайға тап болды. Олар малын, шаруашылығын сатып, осында келді. Сізден азаматтық беруге көмектесуіңізді сұраймыз, – деді қоныс аударушылар президентке.
Жазба авторларының айтуынша, үкімет жақын арада құжат мәселесін шешпесе, отбасылар елден кетуге мәжбүр болады.
Жыл басында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Ішкі істер министрлігі және Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі қандас мәртебесін алу мен Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат беру тәртібін өзгертетін пилоттық жобаны іске қосты.
Сәуірде талаптар күшейтілді. Енді үміткерлер қазақ тілін білу деңгейін анықтайтын тестінің әр бөлімінен кемінде 70 пайыз жинап, балдық іріктеуден өтуі керек. Бұл ретте адамның жасы, білімі, еңбек өтілі, кәсіби дағдылары, тіпті денсаулық жағдайы да ескеріледі. Өту үшін 600 балл жинау қажет. Бұдан кейін үміткер тексеруден өтіп, әңгімелесуге қатысуға тиіс.
Пилоттық жоба 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін жалғасады.
