Жамбыл облысында 16 бас жылқыны ұрлаған күдікті ұсталды
Жамбыл облысында 16 бас жылқыны ұрлаған 44 жастағы күдікті ұсталды. Ол жетеуін сойып сатқан, мал иесіне 24 млн теңге шығын келген.
Видеодан кадр: «POLISIA.KZ» Telegram-арнасы
Жамбыл облысында 16 бас жылқыны айдап әкеткен 44 жастағы ер адам ұсталды. Тергеу барысында ол ұрланған малдың жетеуін сойып, етін сатып жібергені анықталды.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Оқиға Т.Рысқұлов ауданының құмды алқабындағы жайылымда болған. Ер адам қараусыз жүрген жылқыларды байқап, оларды иемденуді ұйғарған. Ол өзіне тиесілі атқа мініп, жылқыларды үйірімен бірге айдап әкеткен. Салдарынан мал иесіне 24 млн теңге көлемінде материалдық шығын келтірілген.
Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған дерек бойынша аса ірі мөлшердегі мал ұрлығы бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.
Полиция азаматтарды мал-мүлкінің сақталуына жауапкершілікпен қарауға, төрт түлікті қараусыз қалдырмауға шақырады.
