Негізгі мазмұнға өту
Сенбі, 7 қараша 2026 $ 448,5↓€ 502,2↓₽ 5,50↓
  • Жарнама
  • Жоба туралы
  • «Қызылжар» клубының бұрынғы президенті Григорий Лорияға іздеу жарияланды

    «Қызылжар» футбол клубының бұрынғы президенті Григорий Лория Қаржылық мониторинг агенттігінің бастамасымен ресми іздеуге жарияланды. Іздестіру ісі 7 қарашада Солтүстік Қазақстан облысында тіркелген.

    «Қызылжар» клубының бұрынғы президенті Григорий Лорияға іздеу жарияланды

    Фото: instagram.com/fcqyzyljar

    «Қызылжар» футбол клубының бұрынғы президенті Григорий Лория ресми түрде іздеуде жүргендердің тізіміне енді. Ол бұған дейін тергеушінің шақыртуына бармаған болатын.

    Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.

    Бұл туралы мәлімет Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының порталында пайда болды. Порталдағы ақпаратқа сәйкес, Григорий Отарович Лорияға қатысты іздестіру ісі бүгін, 7 қарашада Солтүстік Қазақстан облысында тіркелген. Іздеуге бастамашы болған – Қаржылық мониторинг агенттігі. Оны іздестірумен аталған агенттіктің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті айналысады.

    Григорий Лория 1954 жылғы 18 наурызда туған. Қазақстан азаматы, ұлты – грузин.

    Бұған дейін Григорий Лорияның күдікті ретінде жауап алуға шақырылғаны белгілі болған. Ол 5 қараша күні сағат 15:00-де Петропавлдағы Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне баруы керек еді. Шақыртуда оған Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы (бөтеннің сеніп тапсырылған мүлкін иемдену немесе жымқыру) және 245-бабының 3-бөлігі (салықты және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеуден жалтару) бойынша күдікке ілінгені көрсетілген.

    Алайда Григорий Лория 5 қарашада тергеуге келмеген. Осыдан кейін оған 6 қараша күні сағат 11:00-де Петропавл қаласының мамандандырылған тергеу сотына келу қажеттігі хабарланған. Сотта тергеушінің Григорий Лорияны қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын сырттай қолдану туралы өтініші қаралуы тиіс болған.

    Енді оның аты ресми іздеу тізімінде тұр.

    Айта кетейік, Григорий Лория «Қызылжар» футбол клубын 10 жылға жуық басқарған. Ол 2014 жылдың қыркүйегінен 2024 жылғы 20 наурызға дейін клуб президенті қызметін атқарды.

    Бұл клубтың бұрынғы қызметкерлеріне қатысты алғашқы қылмыстық іс емес. 2026 жылдың қаңтарында Петропавлда «Қызылжардың» бұрынғы бас есепшісі Ольга Замелацкая 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылған.

    Мақаланы бағалаңыз 👇

    Ұқсас жаңалықтар

    Барлығы →