Қуат Хамитов Душанбеде жеңіске жетіп, футболға бөлінетін қаржыны сынға алды
Қуат Хамитов Душанбеде ACA 209 турнирінде Алексей Махномен жекпе-жекте жеңіске жетіп, Қазақстан футболына бөлінетін миллиардтаған қаржыны сынға алды.
Сурет: ernur.kz
Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Қуат Хамитов Душанбеде өткен ACA 209 турнирінде жеңіске жеткен соң отандық футболдағы мәселелерді де көтерді.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Тәжікстандағы турнирде Хамитов ресейлік Алексей Махномен жұдырықтасты. Қазақстандық спортшы екінші раундта қарсыласын мерзімінен бұрын жеңіп, жекпе-жектен кейін көпшілікке өз ойын жеткізді.
Хамитов октагонға Қазақстан футбол құрамасының жейдесін алып шықты. Ол сөзінде елімізде футболға бөлінетін мемлекет қаржысын басқа спорт түрлеріндегі қазақстандық спортшылардың жетістіктерімен салыстырды. Сондай-ақ ұлттық құраманың халықаралық жарыстарда әлі күнге дейін айтарлықтай жетістікке жетпегенін сынға алды.
«Қазақстан футболға миллиардтаған, тіпті миллиардтаған доллар бөледі. Бірақ біздің футболшылар халықаралық жарыстарда ешқашан жеңіске жеткен емес. Олардың жейдесін әлемдік аренада ешкім көрген жоқ. Сондықтан мен бүгін Қазақстан ұлттық құрамасының туын әлемдік деңгейде көтергім келеді!
Мемлекет маған миллиондап, миллиардтап ақша бөлмесе де, тіпті демеушім болмаса да, мен бәріне өз еңбегіммен жеттім! Соған қарамастан, бүгін осы жейде әлемдік аренада биіктен көрінсін. Футболда болмаса да, ең болмаса ММА-да!», – деді спортшы.
Айта кетейік, Қуат Хамитов өткір пікірлерімен жиі көзге түседі. Қазан айының басында ол Қазақстанда футболды мүлде тоқтатуға шақырған еді.
