Айдос Сұлтанғали Астанадағы әлем чемпионатында қола жүлдеге қол жеткізді
Айдос Сұлтанғали Астанадағы грек-рим күресінен әлем чемпионатында қола медаль жеңіп алды. Ол жартылай финалдағы қателігін мойындап, бапкерлеріне алғыс айтты.
Сурет: ҰОК
Грек-рим күресінен Қазақстан құрамасының өкілі Айдос Сұлтанғали Астанада өтіп жатқан әлем чемпионатында жеңіс тұғырының үшінші сатысына көтерілді. Жерлесіміз жарыстан кейінгі әсерімен бөлісіп, жартылай финалдағы белдесуі жайлы айтты.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
«Артылған жауапкершілікті толық сезіндік. Қалай дегенмен де, өз еліңде өнер көрсеткен соң, белгілі бір деңгейде қысым болады. Өткен жылдағыдай өз мүмкіндігімді толық пайдаландым деп айта алмаймын. Әрине, ел алдында алтын медаль жеңіп алып, барша қазақстандыққа қуаныш сыйлағымыз келді. Өкінішке қарай, бұл жолы қола жүлдені қанағат тұттық. Дегенмен бұл да жаман нәтиже емес. Бұл менің ересектер арасында жеңіп алған үшінші қола медалім. Өз елімізде өтіп жатқан әлем чемпионатының атмосферасы ерекше. Басқа әлем чемпионаттарынан бір бас жоғары деп айта аламын. Жартылай финалда шабуылға қарағанда қорғанысқа көбірек көңіл бөліп қойған сияқтымын. Соның салдарынан әдеттегі күрес әдісім өзгеріп кетті. Бұл тек менің ғана жетістігім емес. Жанымда жүрген мамандар мен бапкерлердің де еңбегі зор. Осы нәтижеге сол кісілердің қолдауы мен көмегінің арқасында қол жеткіздім деп ойлаймын», — деді Айдос Сұлтанғали.
