Негізгі мазмұнға өту
Сейсенбі, 20 қазан 2026 $ 453,1↑€ 508,8↓₽ 5,38↓
  • Жарнама
  • Жоба туралы
  • СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚ
    Меккеде «әдепсіз әрекет жасааған» ерлі-зайыпты өлім жазасына кесілді • Ұпаймен өлшенген отбасы: жәрдемақыны «цифрлық карта» арқылы бөлу кімге әділ, кімге қауіпті? • Қостанайдың қақ ортасында ағаштар қурап жатыр: әкімдік неге үнсіз? • Ақтауда ойын алаңындағы сырғанақ баланың саусағын қиып кетті: тұрғындар әкімдікке шағымданды • Мексикада күн суытып, 10 адам көз жұмды • Threads арқылы билеттер сатқан: астаналық жігіт алаяқтық жасады деген күдікке ілінді • Меккеде «әдепсіз әрекет жасааған» ерлі-зайыпты өлім жазасына кесілді • Ұпаймен өлшенген отбасы: жәрдемақыны «цифрлық карта» арқылы бөлу кімге әділ, кімге қауіпті? • Қостанайдың қақ ортасында ағаштар қурап жатыр: әкімдік неге үнсіз? • Ақтауда ойын алаңындағы сырғанақ баланың саусағын қиып кетті: тұрғындар әкімдікке шағымданды • Мексикада күн суытып, 10 адам көз жұмды • Threads арқылы билеттер сатқан: астаналық жігіт алаяқтық жасады деген күдікке ілінді •

    Ұпаймен өлшенген отбасы: жәрдемақыны «цифрлық карта» арқылы бөлу кімге әділ, кімге қауіпті?

    Ұпаймен өлшенген отбасы: жәрдемақыны «цифрлық карта» арқылы бөлу кімге әділ, кімге қауіпті?

    Фото: Finratings.kz/ ЖИ

    2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда әлеуметтік көмектің логикасы өзгереді. Бұған дейін жәрдемақы көбіне адамның санатына қарай берілетін: көпбалалы ана, бала күтімімен үйде отырған әйел, мүгедектігі бар адамның қамқоршысы. Енді шешуші өлшем — отбасының әл-ауқаты. Оны «Отбасының цифрлық картасы» автоматты түрде бағалап, әр үй шаруашылығын бес санаттың біріне жатқызады, деп хабарлайды Qazaqtoday.info ақпара порталы.

    Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев реформаның мәнін бір сөйлеммен түйіндеді: «Біз жәрдемақыны формалды тағайындаудан отбасының нақты мұқтаждық деңгейін бағалауға көшіп жатырмыз».

    Сандар ауқымды. Республикалық бюджеттен төленетін 36 жәрдемақының 14-іне мұқтаждық өлшемі енгізіледі. Цифрлық карта 6,2 миллион отбасыны қамтиды. Ең жоғары екі санатқа — A мен B — шамамен 1,38 миллион үй шаруашылығы жатады, яғни барлығының бестен бірі. Дәл осы отбасылар аталған 14 төлемнен айырылады.

    Бір қарағанда, бұл — әділ қағидат: мемлекет ақшасы ең алдымен өзін өзі асырай алмайтынға баруы керек. Бірақ реформаның сапасы қағидатпен емес, оның орындалу тәсілімен өлшенеді. Ал мұнда алгоритм, деректің сапасы және «үй шаруашылығы» ұғымының шекарасы шешуші рөл атқарады.

    Реформа нақты не өзгертеді

    Министрліктің түсіндірмесі бойынша, жаңа тәртіптің негізгі ережелері мынадай:

    • Мұқтаждық өлшемі 14 төлемге ғана енгізіледі. Оның ішінде балалы отбасыларға арналған жекелеген төлемдер, мүгедектікке, күтімге және асыраушысынан айырылуға байланысты жәрдемақылар, жерлеуге берілетін төлем және арнаулы мемлекеттік жәрдемақылар бар;
    • Қалған 22 төлем бұрынғы тәртіпте қалады. Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, ұрыс қимылдарының қатысушыларына, ядролық сынақтардан және саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккендерге берілетін төлемдер әл-ауқатқа қарамай тағайындалады. Мүгедектігі бар адамдардың жекелеген санаттары мен зиянды еңбек жағдайында жұмыс істегендерге де бұл өлшем қолданылмайды;
    • A және B санатындағы отбасыларға 14 төлем тағайындалмайды, ал бұрын тағайындалған болса — тоқтатылады. C, D және E санатындағылар құқығын сақтайды;
    • Бағалау автоматты түрде жүргізіледі, азаматтан қосымша анықтама талап етілмейді;
    • Отбасы құрамы мен әл-ауқат деңгейі ай сайын қайта қаралады. Табыс азайып, отбасы төменгі санатқа ауысса, тоқтатылған төлем қайта қалпына келуі мүмкін.

    Әлеуметтік сақтандыруға негізделген төлемдер бөлек тұр. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына екі жыл және одан көп жарна төлеген әйелдің бала күтіміне арналған әлеуметтік төлемі әл-ауқат санатына қарамай сақталады. Жүктілік пен босануға байланысты төлем де бұрынғы тәртіпте қалады. Ал бюджеттен төленетін бала туғандағы біржолғы жәрдемақы мен жұмыс істемейтін әйелдерге бала бір жарым жасқа толғанға дейін төленетін ай сайынғы жәрдемақы мұқтаждыққа байланысты болады.

    Бұл ажыратудың логикасы түсінікті: жарна төлеп жинаған адам — сақтандыру төлемін алады, ал бюджет қаражаты — мұқтаждық бойынша беріледі.

    Бес санат: ел қалай бөлінді

    Министр келтірген деректер бойынша, үй шаруашылықтары былай бөлінеді:

    • A — жоғары әл-ауқат: 329 мың үй шаруашылығы, шамамен 5 пайыз. Бұл санатқа жату үшін кемінде екі өлшемге қатар сай келу керек: адам басына айына 356 мың теңгеден асатын табыс, жалпы ауданы 120 шаршы метрден асатын бірнеше тұрғын үй, коммерциялық жылжымайтын мүлік, ірі бизнес, люкс-класты көлік, ауыл шаруашылығы активтері;
    • B — экономикалық тұрақты: 1 миллион 50 мың үй шаруашылығы, 15 пайыз. Мұнда да кемінде екі өлшем қажет: адам басына 305-356 мың теңге табыс, бірнеше жылжымайтын мүлік, премиум-класты көлік, орта бизнес, коммерциялық көлік. Төрт адамдық отбасы үшін бұл айына 1,2-1,4 миллион теңге;
    • C — қанағаттанарлық: 2,8 миллион үй шаруашылығы, 45 пайыз. Адам басына 203-305 мың теңге, екі және одан көп адам жұмыс істейді, өз үйі мен көлігі бар немесе шағын бизнес жүргізеді;
    • D — экономикалық осал: шамамен 1,8 миллион үй шаруашылығы, 29 пайыз. Адам басына бір-екі ең төменгі күнкөріс деңгейі, яғни шамамен 51-102 мың теңге; еңбекке қабілетті мүшелері жұмыссыз, мерзімі өткен несиесі бар немесе баспанамен жеткіліксіз қамтылған;
    • E — әлеуметтік осал: 212 мың үй шаруашылығы, 3 пайыз. Табысы жоқ немесе кедейлік шегінен төмен, ұзақ мерзімі өткен қарызы бар, еңбекке қабілетті мүшесі немесе өз баспанасы жоқ отбасылар.

    Мұнда бір маңызды салыстыру бар. A мен B санатының табыс шегі адам басына есептеледі. Ресми дерек бойынша, елдегі медианалық жалақы шамамен 331 мың теңге. Яғни B санатына жату үшін отбасының әр мүшесіне, балаларды қоса алғанда, медианалық жалақыға жуық табыс келуі керек. Бұл — шынымен ауқатты топ. Реформаның ең көп сынға ұшырайтын тұсы — «орта тап жәрдемақыдан айырылады» деген қорқыныш — сандармен расталмайды: орта табысты отбасылардың басым бөлігі C санатында, ал ол құқығын сақтайды.

    Ұпай жүйесі: неге тек табыс емес

    Реформаның ең күрделі әрі ең аз түсіндірілген бөлігі — бағалау әдістемесі. Ол 2023 жылдан бері қолданылып келеді, ал 2026 жылдың жазында түзетілді. Министрлік мәліметінше, бағалау екі компоненттен тұрады: материалдық әл-ауқат (алты бағыт бойынша 59 көрсеткіш) және әлеуметтік тұрақтылық (отбасы құрамы, балалар, қарттар, мүгедектігі бар адамдар).

    Іс жүзінде әр отбасыға ұпай есептеледі. Бірнеше мысал әдістеменің логикасын жақсы көрсетеді:

    • Адам басына табыс төрт ең төменгі күнкөріс деңгейінен асса, отбасыға 620 ұпай беріледі. Ал A санаты 1 800 ұпайдан басталады — демек, бір жоғары жалақының өзі A санатына жеткізбеуі мүмкін;
    • Кәмелетке толмаған балалар мен оқитын жастар ұпайды азайтады: бала көп болған сайын, отбасы мұқтаж ретінде бағаланады;
    • Мүгедектігі бар отбасы мүшесі де ұпайды төмендетеді;
    • Өз баспанасы жоқ отбасыға минус 200 ұпай, ал бірнеше жылжымайтын мүлік ұпайды біртіндеп арттырады;
    • Барлық ересек мүшесінде 90 күннен асқан, мың теңгеден көп мерзімі өткен берешек болса, 500 ұпай шегеріледі;
    • Астанада немесе республикалық маңызы бар қалада тіркелу ұпай қосады, ал шағын елді мекенде тұру оны азайтады.

    Министрдің түсіндіруінше, мұның мәні қарапайым: табысы бірдей екі отбасының әлеуметтік жүктемесі мүлдем әртүрлі болуы мүмкін. Асырайтын адамы көп отбасы бірдей табыспен әлдеқайда қиын тұрады.

    Бұл — дұрыс қағидат. Бірақ ол жаңа мәселе туғызады: отбасы өз санатының қалай есептелгенін түсіну үшін 59 көрсеткіштің логикасын білуі керек. Ал алгоритм неғұрлым күрделі болса, азаматқа оның шешімімен дауласу соғұрлым қиын.

    Ең нәзік тұс: «үй шаруашылығы» деген кім?

    Реформаның шекаралық жағдайлардағы тағдырын бір анықтама шешеді. Жаңа тәртіп бойынша бағалау нысаны — жеке алушы емес, бүкіл үй шаруашылығы. Есепке бір мекенжайда тіркелген отбасы мүшелерінің, туыстардың және бірге тұратын өзге адамдардың табысы мен мүлкі алынады. Белгіленген тәртіппен бөлек тұратын ата-ананың балалары да отбасы құрамына есептелуі мүмкін.

    Министр бұл тәсілдің мақсатын ашық айтады: жәрдемақы алу үшін отбасыларды жасанды түрде бөлудің алдын алу. Бұл — нақты мәселе: бір пәтерде тұрып, қағаз жүзінде бөлек тіркелген отбасылар бұрын жүйенің олқылығын пайдаланған.

    Бірақ тіркеу мекенжайы мен нақты өмірдің арасында алшақтық бар. Ауқатты ұлының пәтерінде тіркелген, бірақ одан бөлек, өз зейнетақысымен күн көретін қарт ана; бір кездері туысының үйіне тіркеліп, кейін басқа қалаға көшіп кеткен жас отбасы — мұндай жағдайларда алгоритм шынайы мұқтаж адамды ауқатты отбасының бөлігі ретінде бағалап, көмектен айыруы мүмкін.

    Әлеуметтік саясат теориясында мұны шеттету қатесі деп атайды: жүйенің мұқтаж адамды мұқтаж емес деп танып, көмектен тыс қалдыруы. Оның қарама-қарсысы — қосу қатесі, яғни мұқтаж емес адамға көмек беру. Бұрынғы санатқа негізделген жүйе көбіне екінші қатені жіберсе, жаңа атаулы жүйе біріншісінің тәуекелін арттырады. Екеуінің арасындағы тепе-теңдік — бүкіл реформаның шынайы өлшемі.

    Деректің сапасы: отыздан астам жүйенің жауапкершілігі

    Цифрлық карта отыздан астам мемлекеттік ақпараттық жүйеден дерек алады, ол ақпарат күн сайын жаңарады. Бұл — техникалық тұрғыдан ауқымды жетістік. Бірақ дәл осы ауқым тәуекелдің де көзі.

    Бір жүйедегі ескірген жазба, сатылған, бірақ тізілімнен шығарылмаған көлік, жабылған, бірақ ресми түрде тіркеуде тұрған кәсіпкерлік, басқа адамға тиесілі, бірақ қате байланған мүлік — осының кез келгені отбасының санатын өзгертуі мүмкін. Ал санат өзгергенде — төлем автоматты түрде тоқтайды.

    Мемлекет бұл тәуекелді жұмсартатын екі құрал ұсынды. Біріншісі — eGov Mobile қосымшасындағы калькулятор: азамат бағалау өлшемдерімен танысып, өз отбасының әл-ауқатын алдын ала есептей алады. Бірақ министрлік ескерткендей, есеп пайдаланушы өзі енгізген деректерге негізделеді, сондықтан оның нәтижесі тек ақпараттық сипатта және төлемді тағайындау немесе тоқтату туралы шешім болып табылмайды. Екіншісі — ай сайынғы қайта бағалау: жағдай өзгерсе, санат та өзгереді.

    Бірақ бұл құралдардың ешқайсысы негізгі сұраққа жауап бермейді: алгоритм қате шешім шығарса, азамат оны қалай, қанша уақытта және қай органда түзете алады? Ай сайынғы қайта бағалау деректің өзі түзелгенде ғана көмектеседі. Ал дерек басқа ведомствоның жүйесінде қате тұрса, оны кім, қашан түзететіні — реформаның әзірге анық емес бөлігі.

    Ынталандыру тұзақтары

    Кез келген ұпай жүйесі адамдардың мінез-құлқына әсер етеді. Жаңа әдістемеде де бірнеше осындай тұс бар.

    Тіркеу орны. Ірі қалада тіркелу ұпай қосатындықтан, бірдей әл-ауқаттағы отбасы Астанада ауылдағыдан жоғары санатқа түсуі мүмкін. Бұл өмір сүру құнының айырмашылығын ескеруге арналған болуы ықтимал, бірақ қала тұрғыны үшін тұрғын үйдің қымбаттығы, керісінше, мұқтаждықты арттыратын фактор.

    Мерзімі өткен қарыз. Барлық ересек мүшесінде ұзақ мерзімі өткен берешек болса, отбасының ұпайы күрт төмендейді. Бұл — қарызға батқан отбасының шынайы қиындығын көрсетеді. Бірақ ол бір сұрақ туғызады: қарызын адал төлеп отырған, бірақ сол үшін басқа шығынын қысқартқан отбасы мен төлемеген отбасы бір таразыға қалай салынады? Ресми түсіндірмеде бұл тәуекелдің шегі әзірге көрсетілмеген.

    Ерікті бас тарту. Министрлік дерегі бойынша, A санатындағы кейбір отбасыларға SMS хабарлама жіберіліп, оларға кейбір төлемдерден ерікті түрде бас тарту мүмкіндігі түсіндірілген. Нәтижесінде 200-ден астам азамат бас тартқан. Солардың бірі — Ақтөбе тұрғыны, алты баланың анасы, кәсіпкер Қалауша Садықова. Ол көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақыдан бас тартқанын былай түсіндірді: «Ісімді енді бастағанда бұл көмек біз үшін өте пайдалы болды. Қазір кәсібім дамып келеді, отбасымды өзім асырай аламын».

    Бұл мысал реформаның өзегін дәл көрсетеді: жәрдемақы — тұрақты құқық емес, қиын кезеңнен өтуге арналған көпір. Бірақ 1,38 миллион үй шаруашылығымен салыстырғанда 200 ерікті бас тарту — бұл жүйенің негізгі тетігі емес, тек символдық бастама.

    Халықаралық тәжірибе: атаулылықтың үш үлгісі

    Атаулы көмекке көшу — Қазақстанның ерекше жолы емес. Дүниежүзілік банк ұзақ жылдардан бері осындай модельдерді қолдап келеді, ал оның ең белгілі үлгілері үш елде қалыптасқан.

    Бразилия. «Бірыңғай тізілім» — табысы төмен отбасылар туралы дерекқор — ел әлеуметтік бағдарламаларының, оның ішінде атақты «Отбасы гранты» бағдарламасының негізі. Оның басты сабағы — тізілім тек дерекқор емес, тірі жүйе: оны жергілікті әлеуметтік қызметкерлер тұрақты жаңартып, отбасылармен тікелей жұмыс істейді. Алгоритм адамның орнын баспайды, оған көмектеседі.

    Түркия. Ел әлеуметтік көмектің біріктірілген ақпараттық жүйесін құрып, оған жүздеген мемлекеттік дерекқорды қосты. Қазақстандағы цифрлық картаның логикасы осыған өте жақын: азаматтан анықтама сұрамай, мемлекет өз деректері арқылы мұқтаждықты бағалайды. Түркия тәжірибесінің маңызды бөлігі — автоматты бағалаумен қатар жергілікті әлеуметтік көмек қорларының адамдық бағалауы сақталған.

    Үндістан. Әлемдегі ең ауқымды атаулы жүйелердің бірі, биометриялық сәйкестендірумен байланысты. Оның тәжірибесі атаулылықтың басты тәуекелін — шеттету қатесін — айқын көрсетті: дерек сәйкес келмеген немесе техникалық ақау болған жағдайда, шынайы мұқтаж адамдар көмектен тыс қалған жағдайлар халықаралық зерттеулерде жиі сипатталады.

    Үш тәжірибенің ортақ қорытындысы: цифрлық атаулылық тиімді, бірақ ол адамдық тексерумен және жылдам шағымдану тетігімен қатар жүргенде ғана әділ болады.

    Не істеу керек

    Мемлекет тарапынан

    • Шағымдану тетігін нақты регламенттеу. Алгоритм шешімімен келіспеген азамат қай органға, қандай мерзімде жүгінетіні және дау қаралып жатқанда төлем сақтала ма — бұл ереже 1 қаңтарға дейін жариялы болуы керек;
    • Шекаралық жағдайларды адам қарауы. Тіркеу мекенжайы мен нақты тұру орны сәйкес келмейтін жағдайларда, әсіресе қарттар мен мүгедектігі бар адамдар үшін, әлеуметтік қызметкердің тексеруі міндетті болуы тиіс;
    • Деректі түзету жауапкершілігі. Отбасының санатына әсер еткен қате дерек қай ведомстводан келсе, сол ведомство оны белгіленген мерзімде түзетуге міндетті болуы керек;
    • Нәтижені жариялау. Реформадан кейінгі бірінші жылдың қорытындысы — қанша төлем тоқтатылды, қанша шағым түсті, оның қаншасы азамат пайдасына шешілді — ашық болуы тиіс. Атаулылықтың сапасы дәл осы сандармен өлшенеді.

    Азамат тарапынан

    • eGov Mobile калькуляторы арқылы отбасының ықтимал санатын алдын ала тексеру;
    • Отбасының тіркеу мекенжайын және мемлекеттік тізілімдегі мүлік, көлік, кәсіпкерлік туралы жазбаларды тексеріп, ескірген деректі түзету;
    • Санат өзгерген немесе төлем тоқтатылған жағдайда, оның қандай деректерге негізделгенін ресми түрде сұрау.

    Атаулылық — мақсат емес, құрал

    Жәрдемақы жүйесін мұқтаждыққа байлау — дұрыс бағыт. Ресурс шектеулі, ал мемлекеттің ақшасы ең алдымен өзін-өзі асырай алмайтынға баруы керек. Реформа ауқатты 20 пайызды 14 төлемнен шығарып, мұқтаж 80 пайыздың құқығын сақтайды. Министрдің сөзімен айтқанда, мақсат әлеуметтік көмекті қысқарту емес, оны шынымен мұқтажға бағыттау.

    Бірақ атаулы жүйенің әділдігі оның алгоритмінің дәлдігінде емес, оның қателігін қаншалықты тез түзете алатынында. 6,2 миллион отбасыны автоматты бағалайтын жүйе, тіпті бір пайыздық қателікпен жұмыс істесе де, жүздеген мың адамды қате санатқа жатқызуы мүмкін. Солардың әрқайсысы үшін бұл — абстрактілі статистика емес, айлық бюджеттен жоғалған төлем.

    Сондықтан 2027 жылдың 1 қаңтары — реформаның аяқталуы емес, оның басталуы. Цифрлық карта отбасының әл-ауқатын өлшеуді үйренді. Енді мемлекет оның қателігін өлшеп, түзетуді үйренуі керек. Әйтпесе әділдік үшін құрылған жүйе ең осал адамдар үшін жаңа кедергіге айналуы мүмкін.

    Мақаланы бағалаңыз 👇

    Ұқсас жаңалықтар

    Барлығы →