Омбыда қазақстандық жүргізуші 27 млн теңгелік темекімен ұсталды
Омбыда қазақстандық автобус жүргізушісі 27 миллион теңгелік темекі өнімдерін заңсыз тасымалдады деген күдікпен ұсталды. Тінту кезінде 37 мыңнан астам қорап тәркіленді.
Сурет: Ашық дереккөз
Ресейдің Омбы қаласында Қазақстан азаматы ірі көлемдегі темекі өнімдерін заңсыз тасымалдады деген күдікпен ұсталды. Бұл туралы «КТК» телеарнасына сілтеме жасап, Politico.kz хабарлады.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Жолаушылар автобусына жасырылған тауардың жалпы құны шамамен 27 миллион теңгеге бағаланған.
Тергеу мәліметінше, темекі өнімдері Павлодардан жеткізілген. Жолаушылар автобусын басқарған жүргізуші жүкті жасыру үшін көліктің багаж бөлігінен арнайы орын дайындаған. Ол темекілерді Павлодар қаласында аты-жөні анықталмаған адамдардан сатып алған.
Құқық қорғау органдары күдіктінің әрекетін жүк түсіріліп жатқан ангарда әшкерелеген. Тінту кезінде 37 мыңнан астам қорап темекі тәркіленді. Алдын ала есеп бойынша, заңсыз айналымға түспек болған өнімнің құны шамамен 27 миллион теңгені құрайды.
Жауап алу кезінде жүргізуші бұл әрекетке қаржылық қиындықтарға байланысты барғанын айтып, жасаған ісіне өкінетінін жеткізген. Қазір оған үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған.
Қазақстанның құқық қорғау органдары заңсыз тасымалға қатысы болуы мүмкін өзге адамдарды анықтау жұмыстарын жалғастырып жатыр.
