Қостанайдағы оқу орындары тексерілді: жарылғыш зат табылмады
Қостанай облысының полициясы 3 қазанда әлеуметтік желілерде тараған террористік акт туралы ақпаратты тексерді. Оқу орындарында жарылғыш зат табылмады, тергеу жүріп жатыр.
Фото: Newtimes.kz
Қостанай облысы полиция департаменті 3 қазанда әлеуметтік желілерде тараған ақпаратты анықтағанын хабарлады.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
«Қостанай қаласындағы оқу орындарында террористік акт жоспарланып отырғаны туралы әлеуметтік желілерде тараған ақпарат бойынша полиция сотқа дейінгі тергеп-тексеру бастады», — делінген ведомство хабарламасында.
Таратылған хабарламаларда көрсетілген барлық ғимараттар тексерілді.
«Жарылғыш заттар, жарылғыш құрылғылар және басқа да күдікті заттар табылмады», — деп нақтылады департаментте.
Қазіргі уақытта полиция жарияланым авторын және болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр. Құқық қорғау органдары тұрғындарды сабыр сақтауға, үрейге бой алдырмауға және тексерілмеген ақпаратты таратпауға шақырды.
Облыстық білім басқармасы барлық білім беру ұйымдары қалыпты режимде жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді.
Бұған дейін Қостанайда теракт туралы жалған хабарлама таратқаны үшін жасөспірім сотталған болатын. Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі сот құқық бұзушыға бір жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындады.
