Негізгі мазмұнға өту
Сенбі, 3 қазан 2026 $ 440,3↑€ 498,3↓₽ 5,28↑
  • Жарнама
  • Жоба туралы
  • СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚ
    Flydubai ұшқышы шабуыл сәтінде жолаушыларды құтқару жолын баяндады • Ерлан Қарин Ватикан делегациясымен кездесіп, II бірлескен коллоквиумды ашты • Астанада сүт безі обырына қарсы «Әйел өмірі үшін» акциясы басталды • Шымкентте айуандыққа барған күдікті ұсталды • AI & Digital Bridge 2026: Қазақстанның технологиялық болашағы талқыланды • Мемлекет басшысы Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің үшінші отырысын өткізді • Flydubai ұшқышы шабуыл сәтінде жолаушыларды құтқару жолын баяндады • Ерлан Қарин Ватикан делегациясымен кездесіп, II бірлескен коллоквиумды ашты • Астанада сүт безі обырына қарсы «Әйел өмірі үшін» акциясы басталды • Шымкентте айуандыққа барған күдікті ұсталды • AI & Digital Bridge 2026: Қазақстанның технологиялық болашағы талқыланды • Мемлекет басшысы Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің үшінші отырысын өткізді •

    Астанада сүт безі обырына қарсы «Әйел өмірі үшін» акциясы басталды

    Астанада сүт безі обырына қарсы «Әйел өмірі үшін» акциясы басталды. Қазан айында емханаларда ашық есік күндері, скринингтер және дәрігерлермен кездесулер өтеді.

    Астанада сүт безі обырына қарсы «Әйел өмірі үшін» акциясы басталды

    Фото: Мағжан Молдахмет

    Елімізде сүт безі обырының алдын алуға арналған «Әйел өмірі үшін» акциясы қолға алынды. «Әділет» партиясының Әйелдер қанаты мен Онколог-маммологтар қауымдастығы бірлесіп ұйымдастырған бұл науқан сүт безі обырын ерте анықтауға және әйелдер денсаулығын қорғауға бағытталған. Іс-шаралар Қазақстанның барлық өңірінде, оның ішінде ауылдық жерлерде де өтеді: дәрігерлермен кездесулер, консультациялар және скрининг туралы ақпараттық шаралар ұйымдастырылады.

    Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.

    Әйел денсаулығына қоғам назарын аударуға арналған науқанның басталуына орай бүгін Астанада брифинг өтті. Оған Құрылтай депутаттары, «Әділет» партиясы фракциясының мүшелері Шолпан Каринова, Арман Жансеңгіров пен Жұлдыз Данбаева, онколог-маммолог Данара Сүлейменова және денсаулық сақтау басқармасының өкілдері қатысты.

    Брифинг барысында қатысушылар әйелдердің бейінді консультацияларды қайдан және қалай алатынын, тегін скринингтен қай жерде өтетінін, сондай-ақ осы айда қандай медициналық қолдау түрлері қарастырылғанын түсіндірді.

    Қазан айында ел аумағындағы емханаларда ашық есік күндері, онколог дәрігерлермен кездесулер, дәрістер мен подкасттар ұйымдастырылады. Ұйымдастырушылар ауылдар мен шалғай аудандардың тұрғындарын ақпараттандыруға ерекше көңіл бөліп отыр.

    Науқанның нышаны – әйел кейіпі бейнеленген қызғылт лента. Бұл бастамаға «Әділет» партиясының Әйелдер қанаты аналарды қорғау бағытындағы жұмыс аясында қолдау көрсетуде.

    «121 қоғамдық ғимаратта күн сайын кешкі сағат жетіден сегізге дейін қызғылт түс жанып, осы мәселеге назар аудартатын болады. Сонымен қатар 218 LED экранда сүт безі обыры туралы ақпарат жарияланады. Еліміз әлемнің көптеген елі сияқты осы ауруға қарсы күрес жүргізіп жатыр. Өйткені әйелдің денсаулығы оның өзіне ғана емес, отбасына, балаларына, еңбекке араласуына әсер етеді. «Әйел – отбасының ұйытқысы» дейтін болсақ әйел денсаулығына бірінші кезекте назар аударуымыз қажет. Сондықтан «Әділет» партиясының Әйелдер қанаты үшін бұл тақырып – өте маңызды. Әйелдер қанатының барлық өңірдегі жетекшілері осы мәселеге назар аударып, неғұрлым көбірек ақпаратты тарататын болады. Әйел өзін жақсы сезініп жүрсе де денсаулығын кейінге ысырмауы керек. Скринингтің, профилактикалық тексерулердің, дерттің алғашқы белгілерінің пайда болған уақыттарының өзінде ерте қамданып, дәрігерге ертерек жүгінуі қажет», – дейді Құрылтай депутаты Шолпан Каринова.

    Депутаттың пікірінше, дәрігерге уақытылы жүгіну – халықтың мәдениетіне айналуға тиіс.

    «Тағы бір айта кететін мәселе, бұл мәдениет – тек Астана немесе облыс орталықтарында ғана емес, еліміздің түкпір-түкпіріне, ауыл-аймаққа дейін жетуі керек. Қай уақытта дәрігерге жүгінуге болады? Елімізде қандай скринингтер қарастырылған? Қандай мемлекеттік қолдаулар бар? Қыз-келіншектерге осы мағлұматтың бәрін жеткізіп, осы дерттің алдын алу – басты мақсатымыз. Алдағы уақытта осы дертке шалдыққан әйелдер санын азайтуды және адам өмірінің сапасын арттыруды көздеп отырмыз», – деді ол.

    Жиында сөз сөйлеген білікті маман, онколог-маммолог Данара Сүлейменова сүт безі обырын ерте анықтаудың, ертерек диагностикадан өтудің маңызына баса тоқталды.

    «Сүт безінің обыры – әлем әйелдерінің арасында ең жиі кездесетін дерт. Өткен жылы әлем бойынша 2,5 миллионға жуық жағдай тіркелген. Біздің Қазақстанда да бұл обыр түрі жиі кездеседі. Елімізде жыл сайын 5 мыңнан астам қыз-келіншекке осы диагноз қойылады. Алайда біз бұның тек медициналық статистика емес, әр цифрдың ар жағында біреудің жұбайы, біреудің анасы, біреудің қызы, біреудің әжесі тұрғанын есте ұстауымыз қажет. Себебі бұл дерт тек әйелге ғана емес, оның бүкіл отбасына әсер етеді. Сондықтан дүние жүзінде ондаған жыл бойы қазан айында «Қызғылт қазан» атауымен сүт безі обыры туралы ақпараттандыру шаралары өткізіліп келеді. Бұл айда ғылыми қауымдастық, медицина мамандары, саясат, бизнес қауымдастығы мен қарапайым тұрғындар бір мақсат төңірегінде топтасады», – дейді маман.

    Онколог-маммолог бұл іс-шараларды өткізудегі басты мақсаттарды атап өтті.

    «Бұл жердегі мақсат – бірінші кезекте сүт безі обырын ерте анықтауға шақыру. Екіншіден, осы дертке шалдыққан әйелдерге қолдау көрсету. Қазан айы – әр әйел өзінің сүт безінің саулығы жайлы ойлайтын ай болуы керек. 2008 жылдан бері Қазақстанда «Сүт безі обырының скринингі» ұлттық бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Біз бұл маммографиялық скринингті мақтанышпен айта аламыз. Қазақстан ТМД елдері арасында бұл скринингті енгізген алғашқы ел болды. Бірақ дәрігер ретінде әйелдердің скринингке келмейтінін айта аламын. Неге? Кейбірі диагноздан қорқады. Ауруды мойындамаған жеңіл көрінеді. Кейбір әйелдер өзіне уақыт таппайды. Кейбірінің жұмыстан қолы тимейді. Біз осы жағдайды өзгерткіміз келеді. Скрининг – ауру емес. Скрининг – сау әйелдерді тексеру. Дерт ерте кезеңде анықталса емдеуге мүмкіндік көп. Онкологияда уақыт өте маңызды. Обыр неғұрлым ерте анықталса, оны емдеу мүмкіндігі де соғұрлым жоғары», – дейді ол.

    Мақаланы бағалаңыз 👇

    Ұқсас жаңалықтар

    Барлығы →