Мыс бар, ал қосылған құн шетелге кетіп жатыр — экономист
Қазақстан экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз ету үшін дәстүрлі салалардағы шикізатты терең өңдеуге басымдық беруі қажет. Экономикалық шолушы Юрий Масанов осындай пікір білдірді, деп хабарлайды Qazaqtoday.info ақпарат порталы.
Сарапшының пікірінше, экономиканы әртараптандыру мен жаңа технологияларды енгізумен қатар, елде бұрыннан қалыптасқан салалардың әлеуетін тиімді пайдалану маңызды. Соның бірі – металлургия.
Масанов Қазақстанның бай шикізат базасы терең өңдеу кластерлерін қалыптастыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Ол мыс өндірісін мысалға келтірді.
Оның келтірген Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2024 жылы Қазақстан шетелге 1,8 млн тонна мыс кені мен концентратын 3,14 млрд долларға экспорттаған. 2025 жылы экспорт көлемі 1,4 млн тоннадан асып, құны 2,8 млрд долларды құраған. Ал биыл қаңтар-шілде аралығында 845 мың тонна өнім 2,3 млрд долларға экспортталған.
Экономикалық шолушының айтуынша, шикізат экспорты елге айтарлықтай валюталық түсім әкелгенімен, оны терең өңдеу арқылы экономикалық тиімділікті арттыруға болады.
«Мыс концентраты – өндірістік тізбектің басы ғана. Одан кейін балқыту, қара және анодты мыс, рафинадтау, катодты мыс, мыс сымы, кабельдер, соңында техникалық компоненттер мен жабдықтар өндірісі бар», – деп жазды Масанов.
Оның пікірінше, өндірістің әрбір жаңа кезеңі қосылған құнды арттырып, жаңа кәсіпорындар мен жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді. Сонымен бірге білікті мамандарға, энергетика, көлік және сервистік қызметтерге сұраныс көбейеді.
Сарапшы мыс концентратында алтын, күміс және басқа да коммерциялық құнды компоненттер болуы мүмкін екенін атап өтті. Заманауи металлургиялық кәсіпорындар оларды өңдеу барысында бөліп ала алады. Ал мыс балқыту кезінде уран және химия өнеркәсібіне қажетті күкірт қышқылын өндіруге мүмкіндік бар.
Масанов әлемде мысқа деген сұраныстың артып келе жатқанына да назар аударды. Электр желілері, жаңартылатын энергетика, электромобильдер, дата-орталықтар және жасанды интеллект инфрақұрылымы бұл металдың үлкен көлемін қажет етеді.
Осыған байланысты ол Қазақстанда жаңа мыс балқыту қуаттарын іске қосып, кейін катодты мыс және экономикалық тұрғыдан тиімді болған жағдайда одан да күрделі өнімдер өндірісіне кезең-кезеңімен көшуді ұсынады.
«Бұл тізбектің неғұрлым көп буыны Қазақстанда орналасса, табиғи ресурстарымыздан түсетін құнның соғұрлым көп бөлігі ел ішінде – жалақы, салық, технология, инвестиция және құзырет түрінде қалады», – деп жазды экономикалық шолушы.
Оның пікірінше, Қазақстан индустрияландырудың келесі кезеңінде шикізат экспортын біртіндеп азайтып, одан дайын әрі қосылған құны жоғары өнім шығаруға басымдық беруі қажет.
Фото: ашық дереккөз
