Алматыда жыл басынан бері 53 мыңнан астам жұмыс орны құрылды
Алматыда 2026 жылдың басынан бері 53 026 жұмыс орны құрылып, жылдық жоспар 103,4%-ға орындалды. Жұмыссыздық деңгейі 4,4%-ды құрады.
Алматыда 2026 жылдың басынан бері 53 мыңнан астам жұмыс орны құрылып, халықты жұмыспен қамту шаралары жалғасып келеді. Жылдың екінші тоқсанының қорытындысы бойынша қаладағы жұмыс күші 1 млн 217,5 мың адамды құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 43 мың адамға артық. Мәліметті Алматы қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының өкілдері ұсынды.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Жұмыспен қамтылған халық саны 1 млн 164 мың адамға жетті, бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 41,7 мың адамға көп. Алматыдағы жұмыссыздық деңгейі 4,4%-ды құрап, республикалық көрсеткіштен төмен болып қалды.
Жыл басынан бері Еңбек мобильділігі орталығына 54 044 адам жүгінген. Оның 43 942-сі жұмыссыз ретінде тіркелді. Жалпы 42 766 адам жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысты.
Олардың ішінде 8 755 алматылық тұрақты жұмысқа орналасты. Сондай-ақ 5 613 адам субсидияланатын жұмыс орындарына жолдама алды. Атап айтқанда, 4 150 адам қоғамдық жұмыстарға, 614 адам «Күміс жас» жобасына, 362 адам «Алтын жас» жобасына қатысты. Тағы 305 адам әлеуметтік жұмыс орындарына орналасса, 182 адам жастар практикасына жіберілді.
Кәсіптік оқыту мен біліктілікті арттыруға ерекше назар аударылып отыр. Биыл 538 адам кәсіптік оқудан өтті, оның 451-і жұмыс орнында білім алды. «Бастау Бизнес» жобасы аясында 1 538 адам оқудан өтсе, тағы 2 215 адам enbek.kz платформасы арқылы жаңа дағдыларды меңгерді. Кәсіптік бағдар беру шараларымен 23 922 адам қамтылды.
Кәсіп бастауға ниетті азаматтарға да қолдау көрсетіледі. Биыл 400 АЕК, яғни 1,73 млн теңгеге дейінгі қайтарымсыз грант 165 адамға берілді. Гранттардың жалпы сомасы 285,1 млн теңге.
2026 жылы Алматыда 51 270 жұмыс орнын құру жоспарланған, оның 45 399-ы тұрақты жұмыс орны. 1 қыркүйектегі жағдай бойынша қалада 53 026 жұмыс орны құрылды. Бұл жылдық жоспардың 103,4%-ы болады. Оның ішінде 47 441-і – тұрақты жұмыс орны, бұл жоспарланған көрсеткіштің 104,5%-ына тең. Соның ішінде 8 775 адам бос жұмыс орындарына орналастырылды.
