Шын өкінемін: Шерхан Аймахан соттағы соңғы сөзін айтты
Ол алдымен дәрінің әсерінен өзін нашар сезінгенін айтып, тіпті дұрыс жүре алмай қалғанын жеткізді.
«Дәрінің әсерінен тіпті дұрыс жүре алмай қалдым. Жағым қисайып, бір жағына тартып кетті. Содан кейін жағдайдың бәрін ескеріп, ол жақтан тірі шығу мүмкін емес екенін түсініп, қайтқан болатынмын», – деді Шерхан Аймахан.
Сотталушы өзіне тағылған 125-1 және 115-1 баптары бойынша айыптарды мойындамайтынын және олармен келіспейтінін айтты.
Сонымен қатар ол 101-бап бойынша аффект жағдайында қазаға ұшырату фактісін мойындайтынын мәлімдеді.
Ал өзіне тағылып отырған 99-баптың 2-бөлігінің 5-тармағымен сараланған айыпты негізсіз деп санайтынын жеткізді.
«Кеше сарапшы да 99-баптың 2-бөлігінің 5-тармағында көзделген ешқандай белгілер жоқ екенін нақтылап айтты», – деді ол.
Шерхан Нұрайды қазаға ұшырату туралы алдын ала ойы немесе пиғылы болмағанын атап өтті.
«Менің тарапымнан Нұрайды қазаға ұшыратамын деген ешқашан ой да, пиғыл да болған емес. Осы болған жағдайға қатты шын жүрегіммен өкінемін», – деді ол соттағы соңғы сөзінде.
