Батыс Қазақстан облысында жолаушылар мінген автобус өртке оранды
Фото: Видеодан скрин
Батыс Қазақстан облысының Теректі ауданында рейстік автобус қозғалыс кезінде өртенді, деп хабарлайды Qazaqtoday.info ақпарат порталы.
Оқиға 8 тамыз кешке Самара – Шымкент тасжолында, Шалқар көліне бұрылатын тұста болған. Автобус Орал – Қаратөбе бағыты бойынша жүріп келе жатқан. Өрт шыққан кезде салонда 37 жолаушы болған. Барлығы автобустан өздігінен эвакуацияланған. Төтенше жағдай салдарынан қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ.
«Өрт жедел кезекші пультіне түскен хабардан кейін оқиға орнына БҚО ТЖД қызметкерлері жіберілді. Өрт сегіз маман мен екі техника бірлігінің көмегімен толық сөндірілді», – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Қазір оқиғаның мән-жайы толық тексеріліп жатыр.
