Негізгі мазмұнға өту
Бейсенбі, 6 тамыз 2026 $ 471,0 543,4 5,85
  • Информационное сообщение
  • Жарнама
  • Жоба туралы
  • СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚ
    Дүлей дауыл: Өскеменде 25 мыңға жуық абонент жарықсыз қалды Астанада атпен жүрген блогерге айыппұл салынды Алматыда заңсыз жүрген 35 шетел азаматы елден шығарылды Балалар жүретін көшеде алабай бос жүр: Ақмола облысында үйректерді талаған иттің иесі жеңіл жазамен құтылды Көпірсіз Көктaл: Алматы облысында 2,5 мың тұрғын күн сайын ажалмен бетпе-бет келуде 25 миллион талап етіп отыр: Бишімбаевтың анасы экс-келінін сотқа берді (ВИДЕО) Дүлей дауыл: Өскеменде 25 мыңға жуық абонент жарықсыз қалды Астанада атпен жүрген блогерге айыппұл салынды Алматыда заңсыз жүрген 35 шетел азаматы елден шығарылды Балалар жүретін көшеде алабай бос жүр: Ақмола облысында үйректерді талаған иттің иесі жеңіл жазамен құтылды Көпірсіз Көктaл: Алматы облысында 2,5 мың тұрғын күн сайын ажалмен бетпе-бет келуде 25 миллион талап етіп отыр: Бишімбаевтың анасы экс-келінін сотқа берді (ВИДЕО)

    Ұлттық банк пе, жеке басқарушы ма? Зейнетақы жинағына қатысты шешім енді әркімнің өз мойнында

    Ұлттық банк пе, жеке басқарушы ма? Зейнетақы жинағына қатысты шешім енді әркімнің өз мойнында

    Қазақстандықтардың басым көпшілігі зейнетақы жинағы туралы бір ғана нәрсені біледі: ай сайын жалақының он пайызы автоматты түрде ұсталады. Ол ақшаның қайда салынғаны, қаншалықты табыс әкеліп жатқаны — көбіне назардан тыс қала береді. Енді бұл салғырттықтың бағасы едәуір қымбаттады.

    2026 жылдың 7 қыркүйегінен бастап салымшылар өз жинағының жүз пайызын жеке басқарушы компанияларға сеніп тапсыруға құқылы — бұрын бұл шек елу пайыз болатын. Ал 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап жинақтың инфляцияны ескере отырып сақталуына берілетін мемлекеттік кепілдік тетігі өзгереді. Осы екі жаңалық қатар келгенде, бір қарапайым сұрақ әрбір азамат үшін нақты ақшамен өлшенетін маңызды мәселеге айналды: жинақты Ұлттық банкте қалдырған дұрыс па, әлде жеке басқарушыға берген тиімді ме?

    Бұл материалда асығыс байбаламға салынбай, шешім қабылдауға қажетті нақты сандарды, тәуекелдер мен негізгі факторларды жүйелеп көрсетуге тырысамыз.

    Нарық қалай құрылған?

    Зейнетақы активтерін жеке компанияларға сенімгерлік басқаруға беру тетігі Қазақстанда 2021 жылдың сәуірінен бері жұмыс істеп келеді. Бүгінде нарықта алты жеке компания бар, ал Ұлттық банк бұл салыстыруда базалық бағдар (бенчмарк) рөлін атқарады: қалғандардың нәтижесі соған қарап бағаланады. Барлық басқарушы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің лицензиясы аясында жұмыс істейді, өз есептілігін БЖЗҚ (ЕНПФ) сайтында ашық жариялайды әрі реттеушімен келісілген инвестициялық декларацияны сақтауға міндетті.

    Алайда, нарықтың нақты арақатынасы әлі де алшақ. Сараптамалық деректерге сәйкес, елдегі зейнетақы активтерінің жалпы көлемі 27,63 триллион теңгені құрайды. Соның ішінде жеке басқарушыларға берілгені — небәрі 130 миллиард теңгеге жуық, яғни бір пайыздың жартысынан да аз. Қалған 26,4 триллион теңге — бұрынғыша Ұлттық банктің қарамағында.

    Дегенмен, қаржылық серпін де жоқ емес. Жеке басқарушы компаниялардың мәліметінше, соңғы 12 айда салымшылар тарапынан жеке компаниялар портфеліне аударылған таза ағын 46 миллиард теңгеден асып, бұрынғы жиынтық портфельдің жетпіс бір пайызын құраған. Расында да, халық арасында жеке секторға деген қызығушылық біртіндеп артып келеді.

    Табыстылық: Сандар не көрсетеді?

    БЖЗҚ-ның (ЕНПФ) 2026 жылғы мамырдағы соңғы есептілігіне сүйенсек, соңғы он екі айдағы жылдық табыстылық динамикасы мынадай сипатта:

    • Centras Securities17,60% (Жылдық табыстылық бойынша көшбасшы. Бірақ оның қарамағындағы портфель — небәрі 9,3 миллиард теңге, бұл нарықтағы ең шағын активтердің бірі);

    • Alatau City Invest12,59% (Портфель көлемі — 17,5 миллиард теңге);

    • Halyk Finance10,71% (Активі — 61,7 миллиард теңге. Жеке басқарушылардың ішіндегі ең ірісі);

    • Halyk Global Markets10,26%;

    • BCC Invest8,91% (Портфелі — 14,1 миллиард теңге);

    • Ұлттық банк8,57% (Қарамағында — 26,4 триллион теңге);

    • Tansar Capital — нарықтағы жаңа қатысушы (2026 жылдың сәуірінен бастап жұмыс істейді, басқаруындағы қаражат — 108,9 миллион теңге. Жұмыс істеген қысқа мерзіміне қарап баға беру әлі ерте).

    Бір қарағанда, қорытынды айқын сияқты: жеке басқарушылардың басым бөлігі Ұлттық банктен озып тұр. Бірақ бұл жерде үстіртін тұжырым жасауға болмайды.

    Нақты талдау: Сандардың артындағы 3 сүзгі

    1. Инфляция сүзгісі

    Номиналды пайызды есептеп, қуанудың мәні шамалы. Нақты өлшем — инфляцияны шегергенде қоржында не қалғаны. 2025 жылдың қорытындысы бойынша елдегі инфляция 12,3% болды. Демек:

    • 17,60% көрсеткен басқарушы нақты мәнде инфляциядан 5 пайызға озып, салымшысына нақты табыс әкелді;

    • 12,59% көрсеткен басқарушы инфляцияны әрең жапты;

    • 10,71%, 10,26%, 8,91% және 8,57% көрсеткендердің бәрі — нақты мәнде шығынға ұшырады, яғни жинақтың сатып алу қабілеті құнсызданды.

    Бұл — бүкіл зейнетақы жүйесінің басты түйткілі. Талдаулар көрсеткендей, әртүрлі кезеңде инфляциядан озу тек кейбір басқарушының ғана қолынан келді, әрі олардың бірде-біреуі мұны жыл сайын тұрақты түрде қайталап отырған жоқ.

    2. Портфель көлемінің сүзгісі

    Ең жоғары табыстылықтың ең шағын портфельде болуы — кездейсоқтық емес. Шағын қаржымен икемді маневр жасау оңай: бірнеше сәтті акция немесе облигация таңдау арқылы бүкіл нәтижені көтеріп жіберуге болады. Бірақ бұл тәуекелге де толы: нарық құлдыраған кезде дәл сол шоғырланған активтер шығынды еселеп жібереді.

    Ал Ұлттық банктің 8,57%-дық көрсеткіші — 26,4 триллион теңгені басқарудың нәтижесі. Мұндай орасан көлемде жедел маневр жасау мүмкін емес: портфельдің 43,38%-ы мемлекеттік бағалы қағаздарда, шамамен 41%-ы АҚШ долларында жатыр. Бұл — жоғары табыс табу емес, активтерді максималды сақтау стратегиясы.

    3. Басқарушы компанияның өз тұрақтылығы

    Салымшылар жиі ұмытатын, бірақ ең маңызды сұрақ — бұл. Портфельдің табыстылығы — өткен кезеңнің көрсеткіші. Ал компанияның өз қаржылық жағдайы — сіздің ақшаңызға ертең кім жауап беретінінің кепілі.

    2026 жылдың басындағы есептілік бойынша сурет әркелкі: BCC Invest-тің меншікті капиталы 83,5 миллиард теңге — жеке басқарушылардың ішіндегі ең иықтысы. Halyk Finance-тің капиталы 45,3 миллиард теңгені құрағанымен, компания 2025 жылды таза шығынмен жапты. Alatau City Invest-тің капиталы — 44,9 миллиард теңге. Centras Securities-тің капиталы ең аз — 8,4 миллиард теңге, дегенмен тұрақты пайдалылық көрсетіп келеді.

    Ең айқын сабақ — Halyk Global Markets жағдайы. Компания БЖЗҚ-ға (ЕНПФ) 2027 жылдан бастап сенімгерлік басқару шартын бұзатынын хабарлады, қазір жаңа өтініш қабылдамайды. Онда жинағы бар салымшыларға қаражатты басқа басқарушыға ауыстыру тәртібін өздері қадағалауға тура келеді. Яғни, басқарушы компания жоғары табыс көрсетіп тұрып-ақ нарықтан кетіп қалуы мүмкін.

    Портфель түрлері: Жас пен тәуекелдің арақатынасы

    Жаңа тұжырымдама бойынша салымшыға өтеу мерзімі мен тәуекел деңгейіне қарай үш түрлі портфель ұсынылады:

    Логика қарапайым: портфель ұзарған сайын (60 айлық), ондағы тәуекелі жоғары акциялардың үлесі көбейеді, облигациялардың өтеу мерзімі ұзарады. Демек, потенциалды табыс та, ықтимал тәуекел де жоғарылайды. Жастар үшін ұзақ мерзімді портфель тиімді болса, жасы ұлғайғандарға қысқа, қауіпсіз портфель таңдаған абзал.

    Практикалық кеңес: Егер сіз жинағыңыздың бір бөлігін жақын арада емделуге немесе тұрғын үй жағдайын жақсартуға алуды жоспарласаңыз, сипаты икемді, қысқа көкжиекті портфельде калғаныңыз жөн.

    Қорғаныш тетігі: Теріс айырманы өтеу жауапкершілігі

    Жеке басқаруға өтудің басты артықшылығы — тек табыстылықта емес, жауапкершілікте. Заң бойынша, жеке басқарушы компанияның нақты табыстылығы белгіленген ең төменгі деңгейден (бенчмарктан) төмен түсіп кетсе, пайда болған теріс айырманы компания өзінің меншікті капиталы есебінен жауып беруге міндетті.

    Оның үстіне, басқарушының комиссиялық сыйақысы тікелей сізге тапқан инвестициялық табыстан алынады. Тікелей айтқанда: табыс болмаса — компанияға сыйақы да жоқ.

    Дегенмен, мына нюансты ескеріңіз: комиссия мөлшерлемесін компаниялар жылына бір рет өзгерте алады. Кейде маркетингтік қулық ретінде алғашқы жылы төмен комиссия қойып, кейін оны өсіруі мүмкін. Сондықтан шартқа отырар алдында комиссияның ағымдағы мөлшерін ғана емес, оның заңды шекті деңгейін де нақтылап алған дұрыс.

    Ұлттық банкте қалудың да өз логикасы бар

    Жеке басқарушыларды жақтайтындар Ұлттық банкте «мүдделер қақтығысы бар» деп жиі айтады. Өйткені Ұлттық банк — портфель басқарушы ғына емес, ол ең алдымен елдегі ақша-несие саясатын жүргізетін макрореттеуші. Осындай кейде мемлекеттік мүдде салымшының жеке табысынан жоғары тұрып кетуі мүмкін.

    Соған қарамастан, жинақты Ұлттық банкте қалдырудың да берік аргументтері бар:

    1. Жоғары диверсификация: 26,4 триллион теңгелік портфель кез келген жеке компаниядан әлдеқайда кең таратылған. Бір эмитенттің немесе сектордың құлдырауы жалпы қаражатқа қатты әсер етпейді.

    2. Банкроттық тәуекелдің жоқтығы: Halyk Global Markets мысалы көрсеткендей, жеке компания нарықтан кетіп калуы мүмкін. Ұлттық банк ешқайда кетпейді.

    3. Саналы енжарлық: Қаржылық сауаттылығы шектеулі немесе нарықты бақылауға уақыты жоқ салымшы үшін шешім қабылдамаудың өзі — ең қауіпсіз таңдау болуы мүмкін.

    Сарапшылар күмәнданғандарға тепе-теңдік сақтауды ұсынады: жинақтың белгілі бір бөлігін ғана жеке басқаруға беріп, 1-2 жыл нәтижесін бақылау. Егер ұнаса — қалғанын көшіруге, ұнамаса — қаражатты кері Ұлттық банкке қайтаруға болады. Заң 100% беруге рұқсат етеді, бірақ оны міндеттемейді.

    Халықаралық тәжірибе не дейді?

    • Чили тәжірибесі: Жинақтаушы жүйені 1981 жылы алғаш енгізген Чилиде де салымшыларға бірнеше қор ұсынылады. 40 жылдық тәжірибе көрсеткендей, таңдау еркіндігі жоғары табысқа автоматты түрде кепілдік бермейді. Көптеген чилиліктер бастапқыда ең қауіпсіз, бірақ табысы аз қорларда қалып қойған.

    • Швеция моделі: Швецияда салымшыларға жүздеген жеке қор ұсынылғанымен, таңдау жасамағандар үшін мемлекеттік әдепкі қор (default fund) жұмыс істейді. Қызығы — ұзақ мерзімді перспективада дәл осы мемлекеттік әдепкі қор жеке таңдау жасаған салымшылардың басым бөлігінен әлдеқайда жоғары табыстылық көрсеткен.

    Экономикалық түйін: Жүйе таңдау мүмкіндігін берген кездегі ең үлкен тәуекел — сапасыз басқарушыны таңдау емес, эмоцияға беріліп, асығыс әрі негізсіз шешім қабылдау.

    Шешім қабылдар алдында өзіңізге қоятын 6 сұрақ

    Біреудің сөзіне ермей, дербес шешім қабылдау үшін мына тексеру тізімінен (чек-лист) өтіңіз:

    1. Зейнетке шығуға қанша жыл қалды? (Бұл — портфель түрін таңдаудың басты көрсеткіші);

    2. Жинақтың бір бөлігін емдеуге немесе баспанаға алуды жоспарлап отырсыз ба? (Егер иә болса, ұзақ мерзімді тәуекелді портфельдерге өтудің керегі жоқ);

    3. Басқарушының табыстылығын бір жылдық емес, соңғы 3–5 жылдағы көрсеткішімен қарадыңыз ба? (Бір жылдық жоғары көрсеткіш — кездейсоқ нарықтық сәттілік болуы мүмкін);

    4. Компанияның меншікті капиталы мен таза пайдасын тексердіңіз бе? (Портфель табыстылығы мен компанияның қаржылық тұрақтылығы — екі бөлек мәселе);

    5. Компанияның шекті комиссиялық мөлшерлемесін білесіз бе?

    6. Барлық жинақты бір жерге беру шарт па? (Заң жинақты бірнеше жеке басқарушы арасында бөліп орналастыруға мүмкіндік береді).

    Таңдау берілді, енді жауапкершілік те өз мойныңызда

    Зейнетақы жүйесіндегі соңғы заңнамалық өзгерістердің негізгі мәні айқын: мемлекет шешім қабылдау құқығын да, оның салдары үшін жауапкершілікті де азаматтың өзіне берді. 7 қыркүйектен бастап жинақты 100% көшіру мүмкіндігінің берілуі және 2027 жылдан бастап инфляциялық кепілдік тетігінің өзгеруі — бұл бір процестің екі жағы.

    Мұндай жағдайда ең қауіпті мінез-құлық — салғырттық немесе асығыстық. Салымшылардың 99,5%-ының бұған дейін шешім қабылдамай келгені түсінікті еді, өйткені тәуекелді мемлекет көтерді. Енді ойын ережесі өзгерді. Сонымен қатар, бір жылдық әдемі жарнамалық кестеге алданып, бүкіл жинақты белгісіз компанияға аудара салу да — дәл сондай қауіпті қадам.

    Ең басты бөгет — халықтың қаржылық сауаттылығы мен ақпараттану деңгейінің төмендігі. Көптеген отандастарымыз зейнетақы аударымына әлі күнге дейін салықтың бір түрі ретінде қарап, өз ақшасының тағдырына бас қатырғысы келмейді.

    Негізгі түйін де осы. «Ұлттық банк пе, әлде жеке басқарушы ма?» деген сұрақтың бәріне бірдей өрттей тиетін дайын жауабы жоқ. Ол әркімнің жасына, зейнетке дейінгі мерзіміне, тәуекелге дайындығына және жинақ көлеміне байланысты. Бірақ бір нәрсе айқын: бұл — сіздің маңдай термен тапқан жеке капиталыңыз, ал оның өсуі мен құнсыздануын қадағалау — енді тікелей өзіңіздің міндетіңіз.

    Отыз жылдан кейін қолға тиетін зейнетақының көлемі бүгінгі бір-екі сағаттық ізденіс пен сараптамаға толықтай тұрады. Ең болмағанда, БЖЗҚ-ның (ЕНПФ) жеке кабинетіне кіріп, өзіңіздің жинағыңыздың қайда және қандай стратегияда жатқанын тексеріп шығудың өзі — үлкен жауапты шешімнің бастауы.

    Суретті ЖИ жасады

    Мақаланы бағалаңыз 👇

    Ұқсас жаңалықтар

    Барлығы →