Президент «Бәйтерек» холдингінің басшысын қабылдап, даму жоспарларын тыңдады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Бәйтерек» холдингінің басшысын қабылдап, инвестициялық портфель, баспанамен қамту және даму стратегиясы бойынша есеп тыңдады.
Мемлекет басшысы «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің басқарма төрағасы Рустам Қарағойшинді қабылдады, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.
Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаевқа бұған дейін берілген тапсырмалардың орындалу барысы мен холдингті дамытудың негізгі бағыттары баяндалды.
Рустам Қарағойшиннің мәліметінше, инвестициялық-кредиттік портфель қазір 14,3 триллион теңгені құрап, алдағы уақытта 16,5 триллион теңгеге дейін ұлғаюы күтілуде. Сонымен қатар жыл сайынғы таза пайда 400 миллиард теңгеден асуы тиіс.
2025 жылдың қорытындысы бойынша холдингтің қолдауымен 77,5 мың отбасы баспанамен қамтамасыз етілген, оның ішінде кезекте тұрған 11,6 мың отбасы бар. Өткен жылы 77 ірі жоба мен шағын және орта бизнеске арналған 27,4 мың жоба қаржыландырылып, экспортқа тауар шығаратын 131 кәсіпкерге қолдау көрсетілді. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін 7,2 мың агроқұрылым көктемгі егіс жұмыстары үшін 11,4 мың техниканы лизингке алды.
Сондай-ақ басқарма төрағасы жүргізіліп жатқан трансформация мен «Бәйтерек» холдингінің жаңа ұзақмерзімді даму стратегиясы туралы айтты. Бұл стратегия активтерді тиімді басқару, әлеуетті бизнеске қолайлы жағдай жасау және халықтың тұрмыс сапасын арттыру шараларын қамтитын проактивті инвестициялық холдинг моделіне көшуді көздейді.
Сонымен қатар бірқатар инвестициялық жобаның іске асу барысы баяндалды. Жыл соңына дейін Инвестициялық кеңестің қарауына импортты алмастыруға, экспорт пен инфрақұрылымды дамытуға бағытталған 26 жобаны енгізу жоспарлануда.
Мемлекет басшысы экономиканың орнықты өсімін қамтамасыз ету және ұзақмерзімді инвестиция тарту маңыздылығын атап өтіп, шағын және орта бизнесті қолдау тетігін күшейту жөнінде міндет жүктеді. Сонымен қатар азаматтар үшін баспананың қолжетімділігін арттыруға ерекше назар аударуды тапсырды.
