Қажылық 25 жыл бойы жаз мезгілінде өтпейді
Сауд Арабиясының Ұлттық метеорология орталығы 2026 жылдан бастап қажылықтың жаңа маусымдық кестесін жариялады. Алдағы 25 жылда қажылық жаз айларында өтпейді, алғашқы сегізі көктемде өтеді.
Сурет: informburo.kz
2026 жылдан бастап қажылықтың жаңа маусымдық кезеңі басталғанын Сауд Арабиясының Ұлттық метеорология орталығы ресми түрде мәлімдеді. Орталықтың хабарлауынша, келер 25 жыл бойы қасиетті сапар жаз айларына сәйкес келмейді, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.
Биылғы маусымнан бастап келесі сегіз қажылық көктемде өтеді. Одан кейінгі сегіз жыл қыс мезгіліне, ал тағы сегіз жыл күзге тура келеді. Осы кезеңнен соң қажылық бірте-бірте қайта жаз айларына ауысады.
Алдын ала болжам бойынша, 2026 жылғы қажылық 25-30 мамыр аралығында өтеді. Осылайша, қасиетті сапар ресми түрде көктем мезгіліне сай келеді. Соңғы жылдары қажылар Меккедегі әл-Харам мешіті мен басқа да қасиетті орындарда ауа температурасы 45-47 градус Цельсийге дейін көтерілетін аптап ыстықта құлшылық жасаған еді.
Қажылық күндерінің ауысуы исламдағы һижраның ай күнтізбесіне тікелей байланысты. Ай күнтізбесі григориан күнтізбесінен шамамен 11 күнге қысқа болғандықтан, қажылық жыл сайын ертерек басталып, шамамен 33 жыл ішінде жылдың барлық мезгілін қамтиды.
Осыған орай Сауд Арабиясының Ұлттық метеорология орталығы 2050 жылға дейінгі 25 жылдық қажылық күнтізбесін жариялады. Бұл құжат қажылар мен ұйымдастырушыларға ұзақ мерзімді жоспар құруға мүмкіндік береді.
Мамандардың пікірінше, маусымдық өзгеріс егде жастағы адамдар мен денсаулығында кінәраты бар қажылардың физикалық жүктемесін азайтады. Сонымен қатар адамдар легін басқару, қауіпсіздік пен логистиканы ұйымдастыруды жеңілдетеді.
Дегенмен көктемде де Меккеде ауа райы ыстық болатынын естен шығармаған жөн. Мамыр айының соңында температура жоғары болғанымен, ол жаздың ең ыстық кезеңімен салыстырғанда әлдеқайда қолайлы. Бұған дейін әл-Харам мешітінде және Пайғамбар мешітінде (әл-Мәсжид ән-Нәбәуи) ауа температурасы 45 градустан жиі асып отырған.
