«261 келі балық аулаған»: Балқашта браконьерге қатысты үкім шықты
Фото: ЖИ арқылы жасалды/ChatGPT
Алматы облысының Балқаш аудандық соты Балқаш көлінде заңсыз балық аулаған екі азаматқа қатысты қылмыстық істі қарады.
Іс материалдарына сәйкес, 2025 жылғы 30 қазанда «Браконьер» жедел-іздестіру іс-шарасы кезінде полиция қызметкерлері мен балық шаруашылығы инспекциясының мамандары Балқаш көлінде Т. және П. есімді азаматтарды ұстаған. Олар «Yamaha-40» моторы орнатылған қайықпен көлге шығып, ұзындығы 500 метр болатын синтетикалық ау арқылы 261 келі балықты заңсыз аулаған. Салдарынан мемлекетке 1 млн 277 мың 506 теңге көлемінде шығын келтірілген. Сот Т.-ның кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінгенін және келтірілген шығынның 890 мың теңгесін өз еркімен өтегенін ескерді.
Осыған байланысты сот оны кінәлі деп танып, 3 жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Сондай-ақ үш жыл мерзімге балық аулау құқығынан айырылып, пробациялық бақылауға алынды. Бұдан бөлек, жыл сайын 100 сағат мәжбүрлі еңбекке тартылып, мемлекетке келтірілген шығынның өтелмеген бөлігі толық өндірілетін болды.
Ал екінші айыпталушының құқық бұзушылық жасаған кезде психикалық дертке байланысты өз әрекетіне есеп бере алмайтын күйде болғаны анықталды. Осыған байланысты сот оны қылмыстық жауаптылықтан босатты. Сонымен бірге сот Қылмыстық кодекстің 93 және 95-баптары негізінде оған тұрғылықты жері бойынша амбулаториялық психиатриялық бақылаудан өту туралы медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын қолданды.
Үкім заңды күшіне енді.
