Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов қайғылы оқиға болған жерге барып, марқұмдардың отбасыларына көңіл айтты. Өңір басшысы оларға мемлекеттік органдар мен жұмыс беруші тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Қаза тапқандардың үшеуі бір отбасының мүшесі болған
Қайғылы жағдай Ақтоғай ауданына қарасты Жоламан ауылында болған. Кәріз құдығында жұмыс істеген алты адам газдан уланып, оқиға орнында көз жұмды.
Марқұмдардың үшеуі бір отбасының мүшелері – әкесі мен оның екі ұлы болған. Тағы бір жұмысшы аман қалып, Ақтоғай аудандық ауруханасына жеткізілді.
Тергеу ерекше бақылауға алынды
Облыс әкімі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің департаментіне, полиция мен прокуратураға оқиғаны жан-жақты әрі объективті тергеуді тапсырды.
«Қайғылы жағдайдың барлық мән-жайын анықтап, еңбек қауіпсіздігі талаптарын бұзуға жол берген кінәлі тұлғалардың жауапкершіліктен жалтаруына жол бермеу міндеттелді», – деді Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметінің өкілі Жансерік Қапзолла.
Қазіргі уақытта оқиғаның нақты себептері мен кәсіпорында қауіпсіздік талаптарының қалай сақталғаны тексеріліп жатыр.
