«Сүмелек, ұялмайсың ба?»: Еркебұлан Тоқтар жас баламен сөзге келді
Фото: Видео скриншот
Танымал актер әрі кәсіпқой боксшы Еркебұлан Тоқтар өзіне тиесілі Tok Burger дәмханалар желісінде болған келеңсіз жағдайға қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды ақпарат Qazaqtoday.info порталы.
Өнер иесі әлеуметтік желідегі парақшасында видео жариялап, оқиғаға байланысты өз көзқарасын жеткізді.
Оның айтуынша, дәмханалардың бірінде келуші мен аспаз арасында түсініспеушілік туындаған.
Еркебұлан Тоқтардың сөзінше, келуші алдымен шағым айтып, кейін аспаздан ақша талап еткен.
«Бір жас бала аспазға бургердегі котлетті піспеген деп видеоға түсіріп жібереді. Солай ақша талап еткен. Аспазымыз жұмыстан шығарып жібереді деп қорқып ақшасын бере салған. Бұл-алаяқ! Мен өз котлетімді жатқа білемін. Басқа бір бургерді түсіріп жіберген. Біздің котлет жұқа болады, видеода қалың. 50 мың теңгеге бопсалап, аспазымыз қалтасында бар ақшасын 30 мың теңге жіберген. Офисымда заңгерлер отыр. Енді ісім сенімен болады! Аспазымның онсызда айлығы аз, өзі әйтеуір күн көріп жүрген адам. Ұялмайсың ба, сүмелек?! Маған жазбайсың ба? Менен талап етпейсің бе? Енді көрсетемін саған!», — деді ол.
