Қарақыстақтағы атыс: екі адам қаза тауып, жеті адам ұсталды
Алматы облысы Қарақыстақ ауылында тұрғындар арасындағы жанжал қарулы қақтығысқа ұласып, екі адам қаза тауып, бір адам жарақат алды. Жеті күдікті ұсталды.
Сурет: dalanews.kz
Алматы облысы Жамбыл ауданының Қарақыстақ ауылында тұрғындар арасындағы дау қарулы қақтығысқа ұласып, салдарынан екі адам қаза тауып, тағы бір адам пышақ жарақатын алды. Қылмысқа қатысы бар деген күдікпен жеті адам ұсталды, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.
ҚТК телеарнасының мәліметінше, жанжал ауылдағы дүкендердің бірінің жанында басталған. Алдын ала ақпарат бойынша, төбелеске қатысушылар мас күйде болған. Кейін екі жақ та өз таныстарын көмекке шақырған.
Қаза тапқандардың бірі – 39 жастағы Бекболат есімді ауыл тұрғыны. Марқұмның туыстары оның бастапқы төбелеске араласпағанын айтады. Олардың сөзінше, Бекболат көмек сұрап келген танысына араша түспек болған.
Куәгерлердің айтуынша, біраз уақыттан кейін жүк көлігімен келген бір топ адам Бекболаттың үйінің алдына жиналған. Шабуылдаушылар аулада тұрған көлікті зақымдап, қақпаға бірнеше рет оқ атқаннан кейін үйдің аумағына кірген. Сол кезде баспанада марқұмның отбасы мүшелері болған.
Туыстары шабуылдаушылардың қолында аңшы мылтығы, тас және таяқ болғанын мәлімдеді. Атыс кезінде ауыр жарақат алған Бекболат көз жұмған. Ол ауылдағы спорт кешенінде қызмет еткен. Марқұмның артында жұбайы мен екі баласы қалды.
Оқиға кезінде тағы бір азамат қаза тапқан. Алайда оның жақындары журналистерге пікір білдіруден бас тартқан. Марқұмның кім атқан оқтан көз жұмғаны әзірге анықталмаған.
Алматы облыстық полиция департаментінің мәліметінше, тұрғындар арасындағы жанжал дүкен маңында басталып, кейін үйлердің бірінің алдында жалғасқан. «Жанжал барысында екі адам аңшы мылтығынан жарақат алып, оқиға орнында қайтыс болды. Аталған фактілер бойынша адам өлтіру және бұзақылық баптарымен қылмыстық істер қозғалды», – деп хабарлады полиция өкілдері.
Қазіргі уақытта жеті күдікті ұсталып, істің барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу амалдары жүргізілуде. Бекболаттың туыстары қақтығыс ушығып кетпей тұрып полицияға хабар бергендерін, алайда тәртіп сақшылары оқиға орнына дер кезінде келмегенін алға тартты. Осыған байланысты марқұмның жақындары прокуратураға арызданған. Қаза тапқан азаматтардың туыстары істің объективті әрі жан-жақты тергеліп, кінәлілердің заң алдында жауап беруін талап етіп отыр.
