Фото: Видеодан скрин
Ақтөбедегі автогаз құю бекетінде қайғылы жағдай тіркелді. 19 маусым күні кешкі сағат 22:55 шамасында Бөгенбай батыр көшесінде орналасқан автогаз құю станциясының аумағында автокөлік өртеніп, үш адам қаза тапты, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.
Төтенше жағдай орнына келген өрт сөндірушілер қызыл жалынды небәрі сегіз минут ішінде толық өшірді. Олар қауіпті аймақтағы ірі жарылыстың алдын алып, өрттің одан әрі таралуына жол бермеді.
Өртті сөндіру барысында автокөлік салонынан үш адамның мәйіті табылды, олардың екеуі – кәмелетке толмағандар. Бір зардап шегуші медициналық мекемеге жеткізіліп, ауруханаға жатқызылды.
Оқиғаны жою жұмыстарына Жедел-құтқару жасағының құтқарушылары мен Апаттар медицинасы орталығының мамандарын қоса алғанда, ТЖД-ның 50-ге жуық қызметкері және 10-нан астам техника бірлігі жұмылдырылған.
Қазір өрттің шығу себептері анықталып, аталған факт бойынша қажетті жедел-тергеу іс-шаралары жүргізілуде.
