Ұлыбритания үкіметі 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерді пайдалануына тыйым салатынын мәлімдеді. Премьер-министр Кир Стармер бұл шешімді «ел үшін тарихи сәт» деп атады, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.
Жаңа ереже келесі жылдан бастап күшіне енеді. Шектеу TikTok, Instagram, Facebook, X, YouTube, Snapchat, Threads, Twitch, Kick және Reddit сияқты платформаларды қамтиды.
Сонымен қатар билік чат-боттардың жұмысын және кейбір ойын қосымшаларының функцияларын шектеуді жоспарлап отыр. Үкімет жастардың түн бойы әлеуметтік желі лентасын шексіз ақтаруына жол бермеу үшін арнайы уақыттық шектеулер енгізбек.
Соңғы уақытта Ұлыбритания балалар мен жасөспірімдердің денсаулығына қатысты қатаң шараларды жиі қолға алып келеді. Бұған дейін елде 2008 жылдың 31 желтоқсанынан кейін туған азаматтарға темекі өнімдерін сатуға толық тыйым салу бастамасы көтерілген еді.
