Алматыда білім және мәдениет саласының бірқатар үздік қызметкері мемлекеттік наградалармен марапатталды. Салтанатты шарада қала әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов ерекше еңбегімен танылған азаматтарға «Парасат» және «Құрмет» ордендерін табыстады, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.

Мәдениет саласындағы елеулі еңбегі және Қазақстан алдындағы айрықша қызметі үшін «Парасат» орденімен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, «МузАрт» тобының әншісі Сәкен Майғазиев марапатталды.

Сонымен қатар бірнеше сала маманы «Құрмет» орденіне ие болды. Олардың қатарында білім беру саласындағы ұзақ жылғы жемісті еңбегі үшін ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері Атығай Бижанов, ел дамуына қосқан үлесі үшін «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымындағы Қазақстан өкілі Нышанкүл Қаратаева және қазақ өнеріндегі жетістіктері үшін әнші Кенжебек Жанәбілов бар.

Марапаттау рәсімінде Абзал Нүкенов жиналғандарды жоғары наградаларымен құттықтап, олардың кәсіби қызметі мен ел дамуына қосқан үлесі мемлекет тарапынан әрдайым жоғары бағаланатынын атап өтті.

