Коллекторлар 16 млн қазақстандықтың жеке деректері бар базаны иеленген

Коллекторлар 16 млн қазақстандықтың жеке деректері бар базаны иеленген

Сурет: tengrinews.kz

Жетісу облысында 16 миллионға жуық қазақстандықтың жеке деректері бар базаны заңсыз пайдаланған коллекторлық агенттіктің қызметі тоқтатылды. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, агенттік қызметкерлері азаматтардың ЖСН, телефон нөмірі мен мекенжайы сияқты құпия ақпараттарын иеленген, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.

Жетісу облысының Полиция департаменті прокуратура және ҰҚКД қызметкерлерімен бірлесіп, заңға қайшы әрекетті анықтады. Тергеу мәліметтеріне сәйкес, Талдықорғандағы коллекторлық агенттіктердің бірінің қызметкерлері азаматтардың тегі, аты-жөні, ЖСН және ұялы телефон нөмірі бойынша ақпарат іздеуге мүмкіндік беретін мамандандырылған ақпараттық жүйені заңсыз қолданған.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында осы дерекқорды ұйымдастыруға және пайдалануға қатысы бар деген күдікпен үш адам ұсталды. Олардың тұрғылықты жерлері мен жұмыс орындарына санкцияланған тінту жүргізіліп, жеке деректерді сақтау және өңдеу үшін қолданылуы мүмкін көптеген компьютерлік техника мен мобильді құрылғылар тәркіленді.

«Тексеру іс-шараларын жүргізу үшін ішкі істер органдарына бірнеше адам жеткізілді», – деп хабарлады Жетісу облысы ПД баспасөз қызметі. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Құқық қорғау органдары құпия ақпараттың қайдан алынғанын және оның таралу жолдарын анықтап жатыр. Сондай-ақ полиция азаматтардың жеке деректерін заңсыз жинау, сақтау және пайдалану заңмен қудаланатынын еске салды.

Бұған дейін де қазақстандықтардың жеке деректерінің жария болғаны туралы бірнеше рет хабарланған. 2023 жылы 16 миллион азаматтың мәліметі интернетке тарап кеткен болатын. Ол кезде Цифрлық даму министрлігі деректердің хакерлік шабуылдан емес, ақпаратқа заңды қолжетімділігі бар аккаунттар арқылы тарап кетуі мүмкін екенін мәлімдеген. Кейінгі тексеріс ақпараттың басым бөлігі 2022 жылы ұрланғанын көрсетті.

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика