Фото: Ашық дереккөз
Маңғыстау облысы мәслихатының депутаты, KazPetroDrilling компаниясының өңірлік вице-президенті Ербол Айтуов Ақтаудағы жекеменшік клиникада жасалған отадан кейін қайтыс болды, деп хабарлайды Qazaqtoday.info ақпарат порталы.
«Ақ Жайық»басылымының жазуынша, депутаттың қайтыс болғаны және нақты күні жергілікті нотариуста мұрагерлік істің ашылуына қатысты құжаттармен расталған. Құжаттарға сәйкес, депутат 2026 жылғы 5 мамырда көз жұмған.
49 жастағы марқұм сәуір айының басында «Қасиет» клиникасына иек тұсына липосакция жасату үшін барған. Алайда наркоз кезінде оның жағдайы күрт нашарлап, комаға түскен.
Жұбайы Лаура Айтуованың айтуынша, ота алдында тапсырылған талдаулар толық зерттелмеген. Ербол Айтуовтың қанындағы қант мөлшері қалыпты деңгейден әлдеқайда жоғары болғанына қарамастан, дәрігерлер операция жасаған.
«Анестезиолог интубацияны дұрыс жасай алмай, тамағына зақым келтірген. Соның салдарынан қан қысымы мен қант мөлшері күрт көтеріліп, күйеуім инсульт алды», – дейді марқұмның әйелі.
Оның айтуынша, дәрігерлер бастапқыда отбасы мүшелеріне науқастың ауыр жағдайда жатқанын толық айтпаған. Тек бірнеше сағаттан кейін ғана облыстық ауруханаға жеткізілгені белгілі болған.
Лаура Айтуова клиника қызметкерлерін салғырттық танытты деп айыптап, кінәлілердің жауапқа тартылуын талап етіп отыр.
Басылым Денсаулық сақтау министрлігі оқиғадан кейін клиникаға жоспардан тыс тексеру жүргізгенін жазды. Ведомство мәліметінше, клиникада ересектерге арналған анестезиология және реанимация қызметіне лицензия болмаған. Сондай-ақ операция блогы толық жабдықталмаған, ал кейбір медициналық құрал-жабдықтардың жарамдылық мерзімі өтіп кеткен.
Тексеру барысында пациентті қарсы көрсетілімдер мен қажетті талдаулардың толық болмауына байланысты операцияға мүлде жатқызбау керек болғаны анықталған.
Қазір барлық материал прокуратураға жолданған. Қайғылы оқиғаның ресми себебін құқық қорғау органдары анықтайды.
Айта кетейік, «Қасиет» клиникасының ресми сайтындағы ақпаратқа сәйкес, медициналық орталық көрсететін қызметтер қатарында «пластикалық және эстетикалық хирургия» бағыты бар.
Марқұм Ербол Айтуов өңірге белгілі тұлға болған. Ол депутаттық қызметтен бөлек, облыстық Кәсіпкерлер палатасындағы маңызды комитеттердің бірін басқарған.
