Өскеменде патрульдік полиция қызметкеріне қарулы шабуыл жасалды, күдіктілер оның табельдік қаруын тартып алып, оқ атқан деген ақпарат тарады, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Оқиға 22 наурызда Сағадат Нұрмағамбетов көшесінде болған. Шығыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, полиция қызметкеріне алдымен жасөспірім көмек сұрап жүгінген. Ол екі бейтаныс жігіттің дөрекілік танытып, мазасын алып жатқанына шағымданған.
Оқиға орнына келген полицейдің заңды талабына мас күйде болған екі жігіт бағынбай, оған күш көрсеткен. Бейресми дереккөздердің мәліметіне сүйенсек, шабуылдаушылар полицейдің табельдік қаруын тартып алып, оған оқ атқан. Ауыр жарақат алған тәртіп сақшысы ауруханаға жеткізілген.
«Оқиғадан кейін қаскөйлер ізін суытқан, алайда қысқа мерзімде екеуі де анықталып, қолға түсті. Қару тәркіленді. Қазіргі уақытта күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды», – деп хабарлады полиция департаменті.
Өскемен қаласының полиция басқармасы қызметтік міндеттерін орындауға байланысты билік өкіліне қатысты адамдар тобымен өміріне қауіпті зорлық-зомбылық қолдану фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.
Фото: Әлеуметтік желіден
