Фото: видеодан скрин
Танымал әнші Қарақат Әбілдина сахнада жүргеніне 25 жыл толуына орай есеп беру концертін өткізуді жоспарлап отырғанын айтты, деп хабарлайды Qazaqtoday.info ақпарат порталы.
Өнер иесі бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісіп, шығармашылық жолына шолу жасады.
«Арман-ай… Бірге жүрдік бірталай, Сол күндерім – жыр талай… Қайран жиырма бес… Күні кеше ғана сияқты еді. Міне, биыл сахнада жүргенімізге де 25 жыл толыпты. Уақыт қалай өткенін байқамай да қалыппыз», – деп жазды әнші.
Айтуынша, өнерге өзімен қатар келген әріптестерінің барлығы бүгінде сахнада өз орнын тапқан.
«Біз өнерге бір лек болып келдік. Қай әншілер екенін айтпасам да түсінген боларсыздар. Сол әріптестерімнің әрқайсысымен мақтанамын», – дейді ол.
Әншінің сөзінше, уақыт өте көп дүние өзгергенімен, сахнаға және тыңдарманға деген сезім сол күйінде қалған.
«Сахнаға деген махаббат өзгермеді. Тыңдарманмен арадағы сүйіспеншілік те бұрынғыдай», – деп атап өтті өнер иесі.
Сонымен қатар Қарақат Әбілдина биыл бірқатар әріптестерінің де сахнадағы 25 жылдығын атап өтуді жоспарлап отырғанын айтып, бұл белесті алғашқылардың бірі болып «Музарт» тобы бастағалы отырғанын жеткізді.
«Алла қаласа, алдағы көктемде мен де халқыма есеп беріп, сахнадағы жиырма бес жылымды атап өтсем деп ойлаймын. Продюсерімнің құлағына алтын сырға», – деді әнші.
Өнер иесі осы уақыт аралығында 100-ден аса ән жазылғанын, алайда олардың барлығын бір кешке сыйғызу мүмкін емес екенін де айтты. Осыған байланысты ол тыңдармандарынан ақыл-кеңес сұрады.
«Осы жылдар ішінде жарыққа шыққаны бар, шықпағаны бар 100 ден аса ән жазылды.Әрқайсысының өз тарихы, өз естелігі бар. Әрине, бәрін бір кешке сыйғызу мүмкін емес.Осы орайда сіздердің пікірлеріңізді тыңдағым келеді, сүйікті көрермен.Концертімде қай әндерімді орындағанымды қалар едіңіздер? Пікірлеріңізді жазсаңыздар, міндетті түрде ескереміз», – деп түйіндеді Қарақат Әбілдина.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
