Фото: threads.com/@akbergenova__nurshat
Астанада құны 600 мың теңге болатын тортқа қатысты блогер мен кондитер арасындағы дау сотта қайта қаралды. Тортты алып, бірақ ақысын төлеуден бас тартты деген айыпқа ілінген блогер мен кондитер 2026 жылдың 6 қаңтарында Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотында тағы да жүздесті. Бұл туралы Qazaqtoday.info ақпарат порталы хабарлады.
Блогер Аселина Батыр сотқа ар-намыс пен кәсіби беделін қорғау, кибербуллингті тоқтату, моральдық шығынды өндіру, сондай-ақ авторлық құқық пен жеке деректерді қорғау туралы талап арызбен жүгінген.
Соттың баспасөз қызметі отырыс барысында тараптар арасында нақты келісімшарттық қатынастар болғанын мәлімдеді. Кондитер мерекелік іс-шараға арнап торт дайындаған, ал блогер дайын өнімді тиісті мақсатта пайдаланған. Бұл жайт дау туғызбаған. Алайда торттың нақты бағасы алдын ала келісілмегендіктен, екі тарап арасында түсінбеушілік пайда болған.
Істі қайта қарауға әлеуметтік желіде тараған видеолар мен жазбалар да себеп болған. Қақтығыстан кейін интернетте түрлі видеоматериалдар жарияланған. Сотта олардың үшінші тұлғалар тарапынан дайындалғаны, ал блогер тек репост жасағаны анықталды.
– Сот тергеуі барысында видеолардың жауапкерге тиесілі еместігі белгілі болды. Ол аталған материалдардың авторы саналмайды, – делінді отырыста.
Сонымен қатар жарияланған жазбалардың ар-намысқа нұқсан келтіру сипаты да қаралды. Алайда талапкердің өтінішімен лингвистикалық немесе өзге де сот сараптамасы тағайындалмады.
– Сараптамалық қорытынды болмаған жағдайда, сот ақпараттың нұқсан келтіретін сипатын және оның құқықтық бағасын айқындай алмайды, – деп түсіндірді соттың баспасөз қызметі.
Бұдан бөлек, авторлық құқықты бұзу және жеке деректерді заңсыз пайдалану жөніндегі талаптар да қаралды. Сот бұл уәждердің дәлелденбегенін, дау тудырған белгілердің бір-бірімен шатастыру деңгейіне жетпейтінін және жеке деректерді бұзу фактісі анықталмағанын атап өтті.
Нәтижесінде сот талапты қанағаттандыруға негіз жоқ деген шешім шығарып, арызды қанағаттандырудан бас тартты. Дегенмен бұл шешім әлі заңды күшіне енген жоқ және белгіленген тәртіппен шағымдануға болады.
