Ғалымжан Кенжебек «Ахмат» сапындағы алғашқы матчында қауіпті сәтімен көзге түсті

Фото:Kazfootball

Қазақстандық жартылай қорғаушы Ғалымжан Кенжебек Ресейдің Ахмат клубы сапындағы алғашқы кездесуін өткізді. Бұл туралы Qazaqtoday.info ақпарат порталы хабарлады.

Грозныйлық команда Сербияның Нови-Пазар клубымен жолдастық матчта бақ сынады. Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншысы бұл кездесуде алаңға қосалқы құрамнан шықты.

Екінші таймның 66-минутында Кенжебек қарсылас қақпасына қауіпті соққы бағыттап, есеп ашуға бір табан жақын болды. Алайда гол соғу мүмкіндігін пайдалана алмады. Араға бірнеше минут салып, сербиялық ұжым қарсы шабуыл кезінде 71-минутта нәтижелі соққы жасап, алға шықты.

Осылайша жолдастық кездесу 1:0 есебімен «Нови-Пазар» командасының жеңісімен аяқталды.

Айта кетейік, Ғалымжан Кенжебек «Ахмат» клубына ресми түрде 10 қаңтар күні қосылған. Бұл ойын оның Ресей Премьер-лигасы клубы құрамындағы тұңғыш матчы болды. Қазіргі таңда грозныйлық ұжымды Қазақстан құрамасының бұрынғы бас бапкері Станислав Черчесов жаттықтырады.

Ресей Премьер-лигасының маусымдық қорытындысы бойынша «Ахмат» 22 ұпай жинап, турнирлік кестеде 8-орында келеді.

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика