«Банктер жасырын несие кешіріп жатыр ма» – агенттік түсініктеме берді

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) әлеуметтік желіде тараған «банктер жаппай және жасырын түрде несиелерді кешіріп жатыр» деген қауесетті жоққа шығарды, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Агенттік мұндай ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді. Ведомство азаматтарды тек ресми дереккөздерге сенуге және ақылы түрде «керемет уәде ететін» делдалдардың арбауына түспеуге шақырды. Сондай-ақ жалған ақпарат таратқандар заң алдында жауап беретіні ескертілді.

«Банктердің несиені есептен шығарып жатқаны туралы ақпарат – фейк», — деп атап өтті ҚНРДА өкілдері.

Егер несиені төлеуге шынымен қиындық туындаса, Қазақстанда борышкерлерге көмектесудің бірыңғай заңды тетігі жұмыс істейді. Ең алдымен, несие берушіге (банк, микроқаржы ұйымы немесе коллекторлық агенттік) тікелей жүгініп, несие шарттарын өзгерту туралы жазбаша өтініш беруге болады. Өтінішке табыстың азайғанын растайтын құжаттарды (жұмыстан шығу, ауру, мүгедектік, жақын адамының қайтыс болуы, төтенше жағдайдан келген залал) қоса тіркеу қажет. Өтініш 15 күнтізбелік күн ішінде қаралады.

Ең соңғы амал – жеке тұлғаның банкроттығы. Егер қарызды төлеу мүлдем мүмкін болмаса, төлем қабілеттілігін қалпына келтіру туралы заңды пайдалануға болады. Бұл рәсім тегін, өтінішті eGov.kz порталы немесе Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы беруге болады. Алайда, бұл қадамға барар алдында оның салдарын мұқият бағалаған жөн.

Қорыта айтқанда, ешқандай «сиқырлы несие кешіру» жоқ, бірақ қиын жағдайдан шығудың заңды жолдары бар.

Фото: Әлеуметтік желіден

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика